Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық музей бірлесіп «Сырдың сырлы жәдігерлері» атты көрме ұйымдастырды.
Көрменің ашылу салтанатына ардагерлері, мектеп оқушылары және көптеген тұрғындар келіп қатысты.
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы шарада музей экспонаттарының құндылығы мен келер ұрпаққа берер өнегесі туралы әңгімеледі. Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына үн қосуда музейдің ауқымын ұлғайту үшін қосымша екі қабатты көрме залының құрлысын салу бастамасы қолға алынғанын айтты.
Осы күні көрме төрінен облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында жинақталған археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері, музей қорындағы аса құнды зергерлік бұйымдар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар және қазба жұмыстары кезінде табылған экспонаттар орын алды. Облыстық музейдің ғылыми қызметкері Нұрсұлу Күзенбаева көрмені тамашалаушыларға әсерлі әңгіме айтып, көне тарихтың сырынан хабар берді.
– Екі музейдің арасындағы мәдени-ынтымақтастық байланыс арқылы жүзеге асырылған бұл шара расында мұнда келушілер үшін рухани нәр беруімен қатар тың серпіліс әкелді. Сондай-ақ, бұл биыл құрылғанына 90 жыл толуын атап өткелі отырған Шиелі ауданы жұртшылығы үшін көненің көзі мен ескінің естелігін еске салады, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов.
Көрме көпшіліктің сұранысына сай осы сәуір айының соңына дейін өз жұмысын жалғастырады.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Шиелі ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<