Сыртқы талдау сыбайластық жолын кеседі

517

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің ресми дерегіне қарағанда, осы жылдың І тоқсанында 38 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 1-еуі аса ауыр, 25-і ауыр, 19-ы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс. Анықталған қылмыстардың ішінде 5-еуі – парақорлық және 20-сы – мемлекет қаржысын жымқыру фактілері. Сонымен қатар, 19 қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысы әшкереленіп, оның ішінде облыстық деңгейдегі бірінші басшыларға қатысты 3 сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық анықталған. Ал, ауыл шаруашылығын субсидиялау барысында орын алған 9 қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте департамент басшысы Руслан Ақмырзаев баяндады.

Баяндамадағы деректерге сүйенсек, есепті мерзімде сыбайлас жемқорлықтың 3, шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың 3 фактісі, көлеңкелі экономикаға қамқорлық жасау дерегімен 2 қылмыс анықталған. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысын сүйемелдеу шеңберінде 10 негізгі қылмыс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру  жүргізілуде. Жалпы тергеу өндірісінде 57 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 25 іс аяқталса, 9 қылмыстық іс сотқа жолданған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 47039369 теңге екені анықталып, 45701369 теңгесі өндірілген.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы басым ерекшеліктердің бірі – сыбайластық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары. Бұл бағытта І тоқсанның қорытындысымен облыстық көліктік бақылау инспекциясының 2019-2021 жылдар аралығындағы қызметіне сыртқы талдау жұмыстары жүргізілді. Талдау қорытындысымен жұмыс барысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің себеп-салдарын анықтап, 26 ұсыным берілген, бүгінгі күні 21-і орындалды. Сонымен қатар, жергілікті және орталық атқарушы органдардың қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріндегі жемқорлық тәуекелдерін туындататын жағдайлардың алдын алу үшін есепті кезеңде 7 мониторинг жүргізіліп, 46 ұсыным енгізілді. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің жеке кәсіппен айналыса отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 154-бабы бойынша 2 хаттама толтырылып, 857 640 теңге айыппұл салынды, – деді Р.Ақмырзаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жол картасының 22-тармағына сәйкес департамент қызметкерлері жоспарланған мемлекеттік сатып алу бағасын жасанды көтеруге байланысты  сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік беретін «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы арқылы жоспарланып отырған мемлекеттік сатып алу жұмыстарына тұрақты мониторинг жүргізген. Осының нәтижесінде 30 мекемеге ұсыныстар жолданып, 375 536 165 теңге мемлекет қаражаты үнемделген.

Жалпы аталған мерзімде қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 100-ден аса іс-шара ұйымдастырылған.

«СБ» ақпарат