Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері өткен жылдың қорытындысын шығарды. Жалпы облыс аумағында 34263 мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың жас аралық құрылымына талдау жасап көрейік, еңбекке жарамды жастағылар 70,3% болса, зейнет жасындағылар – 29,4%.
Департаменттің сараптама бөлімі былтыр 12314 қызмет алушыға мүгедектік тағайындауға қатысты мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға көп. Сондай-ақ 2858 қызмет алушыға алғаш рет мүгедектік тобы тағайындалды, алдыңғы жылмен салыстырғанда 101 адамға артқаны байқалды. Есепті мерзімде 10 мың адамға шаққандағы алғашқы мүгедектіктің көрсеткіші 33,8% құрап отыр.
Алғаш рет мүгедектік тағайындалған 1833 ересек адамның 73,2 пайызы жұмысқа жарамды, оның ішінде 26,8 пайызы – зейнеткерлер.
Ересектер арасында бірінші рет мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымына талдау жасап көрсек, қан айналымы жүйесі ауруларының салдарынан 525 адам тіркелді. Бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,6 пайызға артқан. Екінші орында қатерлі ісік аурулары, үшінші орында алған жарақат салдарынан болған мүгедектік тұр.
18 жасқа дейінгі балалар арасында мүгедектікке 1025 бала шыққан, былтырғы 12 айда бұл көрсеткіш 967 болған, яғни 58 балаға көбейген. Балалар арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымына тоқталып кетсем, бірінші орында жүйке жүйесі ауруларының салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандардың үлес салмағы 39,9%-дан 40,7%-ға өскен. Екінші орында туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқулар салдарынан танылған мүгедектігі бар балалардың үлес салмағы 23,9%-дан 25,1%-ға артқан. Үшінші орында тыныс алу аурулары 9,9%-дан 11,2%-ға өскен.
Былтыр 8353 адам, оның ішінде 5453 ересек, 2900 бала мүгедектік бойынша қайта куәландырудан өткен, 804 адам толық оңалған. Бұл – көңілге медеу боларлық көрсеткіш. Ал 352 адам жартылай оңалтылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттар жүйесі мәліметтеріне сәйкес, облыс аумағындағы мүгедектерді оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудің орындалуы – 98,1%. Оның ішінде протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету 96,4%, сурдотехникалық көмек 99%, тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз ету 99%, кресло-арбамен қамтамасыз ету 98,7% болса, санаторлық-курорттық емделу 99,7%, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету 97,9%, жеке қызметшінің әлеуметтік қызметі 99,8%, ымдау тілі маманының қызметтерінің орындалуы 100%.
Облыс бойынша 4490 адамға медициналық-әлеуметтік сараптама проактивті сырттай жүргізілген. Бұл мүгедектігі бар адамдарды қағазбастылықтан, алыс ауыл, ауданнан келіп кезекке тұрудан арылтуда. Сонымен бірге сырттай куәландыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізуде.
Сараптама бөлімдеріне негізсіз жолданған 87 материал бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаментіне және медициналық мекемелерге тиісті шаралар қолдану үшін 37 ақпараттық хат жолданды. Ол бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 80-бабы 2-1 тармағымен медициналық мекемелердің 36 лауазымды тұлғасына жалпы сомасы 692250 теңгеге айыппұл салынса, қалған 1 жағдай бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда.
Тілеукүл МЫРЗАХМЕТОВА,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті
облыс бойынша департамент басшысының орынбасары





