Табиғатты түлетуде аянбаған абзал

334

0

«Арал маңындағы жер ресурстарын орнықты пайдалану және биоалуантүрлілігін сақтау». Бұл тақырып аймақтық ғылыми-практикалық семинарға арқау болды. Оның жұмысына Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Арал, Қазалы ауданы әкімдіктері, пилоттық жобаға қатысушы шаруашылықтар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Шараны Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Даму Бағдарламасының био­алуан­түрлілікті сақтау жөніндегі жоба­ларының менеджері Талғат Кер­тешов жүргізіп отырды. Ол БҰҰДБ мен ҚР Үкіметінің  2013 жылдан бері Қазақстанның 3 аймағында шөлді эко­жүйелердің репрезентативті учас­­келерін ерекше қорғалатын таби­ғи ай­мақтар экожүйесіне қосуға, құнарлы ландшафтарды орнықты пайдалану тетіктерін іске асыруға және жергілікті қоғамдастықтарды биоалуантүрлілікті сақтауға бағыт­талған бірлескен жоба жүзеге асы­рылып келе жат­қанын атап өтті. 2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстанның Үстірт, Арал-Сырдария, Іле-Балқаш жобалық аумақтарында басталған бағдарлама алдағы тамыз айында аяқталады. Бағдарламаға  Ғаламдық экологиялық қоры 4 млн 365 мың доллар, Қазақстан үкіметі 9 млн доллардан астам,  БҰҰ- гранты есебінде 60 мың доллар қаржы бөлінді.

Осы уақыт аралығында бағдарлама аясында Арал-Сырдария жобалық аумағында жүргізілген жұмыстардың маңызы зор болғанын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инпекциясы бас­шы­сының орынбасары Марат Нұр­мағамбетов облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасы басшысының орын­басары Бауыржан Шәменов, Арал аудандық ауылшаруашылық бөлі­мінің басшысы Сәбит Нұрғалиев  өз сөздерінде мәлім­деді. Осы бес жыл мерзім ішінде бірлесіп атқарылған 15 жоба Арал өңірінің экологиясын одан әрі жақсартуға өзіндік үлес қосты.

География және табиғат пайдалану институтының геоақпараттық карто­графия және модельдеу орталығының басшысы Нұрлыбек Зинабдин және БҰҰДБ менеджері Т.Кертешов жердің құлазуымен күрес саласындағы нәти­желі жұмыстар жайын баяндады. Арал аймағында фитомелиоративті аймақтарды және халық қоныстанған жерлерді жасылдандыру үшін ор­ман питомнигі құрылып, құрғаған теңіз табанында, елді мекендер аума­ғында 3 млн дана сексеуіл, 20 млн дана қылқан жапырақты ағаштар отырғызылған. Жасыл ек­пе­лер теңіз табанындағы тұздың көтерілуін азайтумен қатар ауылдық елді мекендер шетіндегі құмға да тосқауыл болуда. Арал питомнигін қалпына келтіруде Оңтүстік Корея мемлекеті берген қаржы көмек бол­ған. «Барсакелмес» қорығы мен Арал-Сырдария аймағында құландардың, қарақұйрық пен ақбөкендердің көбе­юі­не де осы бағдарлама өз септігін тигізді. Сонымен бірге облыста  жы­лына 10 млн дана балық аулану үшін инкубациялық жүйе құрылды. Жоба аясында Арал ауданында су каналдарын құжаттандыру мәселесі де шешімін таба бастады. Өйткені аудан көлеміндегі су каналдарының құжаттары болмауынан Су комитеті су беруге рұқсат етпей келген еді.

Бағдарламаның үшінші бағыты жергілікті халықпен жұмыс істеуге арналған. Осы бағытта шаруа қожа­лықтарында пилоттық жобалар ая­сында жұмыс жасалып, 5 мыңнан ас­там мал басын сумен қамтамасыз ету үшін су станциялық бекеттер орнатылды. Аралқұм, Аманөткел елді мекендерінде жылыжайлар салынды. Шағын күн  жел станциялары мен су жылыту қондырғылары іске қосылды. Шаруашылықтарда тамшылатып суа­ру әдісі енгізіліп, суды үнемдеумен қатар өнімділіктің артуына да септігін тиізуде. Сонымен қатар, тұрғындарға экологиялық білім беру мәселесі ұмыт қалған жоқ.

Семинарға қатысушылар мұнан соң Ы.Жақаев атындағы Қазақ кү­ріш шаруашылығы ҒЗИ-дың пилот­тық учаскесіндегі тамшылатып суа­ру әдісімен және «Байқадам» су торабындағы суды үнемдеу, сол секілді есепке алудың автоматтандырылған жүйесімен танысты.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<