Табиғатқа баулу – тамаша тәсіл

961

0

Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ұмай» қайырымдылық үйі осы жастағы балалар үшін экологиялық білім беру және эковолонтерлікті дамыту жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жоба «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен әріптестікте «Qolda 3.0» жедел көмек бағдарламасы аясында гранттық қаржыландыру есебінен іске асырылады.

Бұл орайда бірінші кезекте балалар үйінің 10 тәрбиешісі «Мектеп жасына дейінгі балалардың қарапайым экологиялық түсініктері» бағдарламасы бойынша оқыту курсынан өтеді. Содан кейін Монтессори әдісінің элементтерін қолдана отырып, мектеп жасына дейінгі 75 балаға білім берумен айналысады. Бағдарлама барысында жылыжайда өткізілетін 48 сағаттық теориялық және практикалық сабақтар балалаларға экологиялық мәдениетті ойын түрінде жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ, табиғат аясында тұрақты экскурсиялар жасау арқылы олардың айналаның әсемдігін көзбен көріп, табиғатпен етене байланыс орнатуына жол ашылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл сабақтар баланың бойында байқампаздық пен эмоционалды түйсінуді дамыта келіп, шығармашылық қабілетін оятады. Осылайша бірте-бірте олардың туған жерге сүйіспеншілігін арттырып, қоршаған ортаға деген  жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

– Мектеп жасына дейінгі балаларды экологиялық тәрбиелеу өте маңызды. Дәл осы 4-5 жаста сана баланың табиғатқа деген қызығушылығы, эмоционалды реакциялары, адамдардың мінез-құлқын саналы бағалау сияқты сана элементтері айқын көрінеді. Осылайша, мектепке дейінгі кезеңде балалардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы жүреді.

Оқыту семинары аясында мен көп нәрсені білдім. Маған тыңдаушы ғана емес, орын алып жатқан оқиғалардың қатысушысы болу ұнады. Мен өз жұмысыма басқаша қарай бастадым,-дейді қайырымдылық үйінің тәрбиешісі Айзада Дәуренбекова.

Ал, оқыту семинарларының тренері Анар Ізденнің айтуынша, «табиғатқа тамсану бойынша сабақтар – бұл мектепке дейінгі білім беру процесінде экологиялық бағытты дамыту ғана емес, балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту және мәдениетті адамды тәрбиелеу.

Мектеп жасына дейінгі балалардың эко білім беру бағдарламасына қатысуы – олардың бойында дұрыс экологиялық әдеттерін қалыптастырады деп күтілуде. Атап айтқанда: қоқыс тастамау, гүлдерді жұлмау, пластикті пайдаланбау, қалдықтарды сұрыптау, үй өсімдіктерін өсіру, ағаш отырғызу және қоршаған ортаға мұқият болу қасиеттеріне баулиды.

Айта кетейік, «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі 1999 жылы құрылған мемлекеттік емес мекеме. Облыстың ең ірі үкіметтік емес ұйымдарының бірі қазіргі уақытта 40-тан астам қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Негізі қаланған сәттен бастап әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында қиын өмірлік жағдайларға тап болған отбасыларға үздіксіз қызмет көрсетеді. Қайырымдылық үйі – республикалық «Таным» сыйлығының иегері.

                                                                                           «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<