Табиғи ошақтағы сақтық шаралары

1241

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақтық аса қауіпті, өлім көрсеткіші өте жоғары ауру. Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының  (КҚГҚ) табиғи ошағында орналасқан. 2020 жылы аталған індеттің 9 жағдайы тіркелсе, былтыр 12 жағдайы орын алды. Балалар мен жасөспірімдердің ауыру  және өлім-жітім жағдайы болған жоқ.

Биыл өңірде КҚГҚ бойынша 116 елді мекен қолайсыз деп есепке алынды. Олардың 25-і  Арал, 19-ы  Жаңақорған, 16-сы Шиелі, 14-і Қазалы аудандарында орналасқан. Бұл елді мекендердің залалсыздандыру іс-шараларына жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған. Басқа қолайлы деген елді мекендердің тұрғындары залалсыздандыру жұмыстарын өз қаражаттарымен жүргізеді.

Бүгінгі күні облыста эпидемиялық маусымның басталуына орай, аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық шаралар да басталды.

Облыс әкімінің қаулысымен санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары, атқарылатын іс-шараларды ұйымдастырушы жауапты тұлғалар бекітілді.

Медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және  т.б. қажетті құрал-жабдықтар қоры  жасақталды.

Энтомолог мамандардан тұратын 3 арнайы жұмысшы топ құрылып,  239 елді мекенде зоологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.  Жұмыс барысында 5 154 кене жиналып, 503 сынама  зерттелді. Зерттеу нәтижесімен жануарлардан және далалық кенелерден жиналған 7 сынамадан оң нәтиже анықталды. Кенелердің ересек және нимфа (жас) түрлері табиғатқа  белсенді шыға бастағаны анықталды. Оған дәлел, ағымдағы жыл басынан бері кене шаққан 11 адам медициналық бақылауға алынды.

Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Бұл  жұмыстар биыл 4355 шаршы шақырым жерге жүргізіледі. 

Қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы буферлік аймақтарды, мал басын және мал қораларда кенеге қарсы залалсыздандыру іс-шаралары жылына 2 мәрте көктемде және күзде жүргізіледі. Бұл жұмыс облыста сәуір айында басталып, күз мезглінде қайта жалғасады. Осы жұмыстардың нәтижелі болуы үшін мал қоралар толық механикалық-санитарлық тазартылуы және ауыл шаруашылығы жануарларының кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарымен толық қамтылуына алдымен мал иелері ынталы болғаны дұрыс. Сонымен қатар, кенеге қарсы залалсыздандырумен айналысып жатқан мердігер мекеме қызметкерлерінен сапалы жұмыс талап етілуі қажет.

Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кене көбейген кезде сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жең киімдер киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Адам денесіне кенені жолатпайтын репелленттер мен кремдерді жағу арқылы да қорғануға болады. Ауыл шаруашылығы жануарларын күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында денесі мен киімдерін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.

Ауруды жұқтыру көктемгі-күзгі маусымда тіркеледі. ҚКГҚ вирусының негізгі тасымалдаушысы – иксод кенелері. Олар күн жылысымен жануарларға және адамдарға шабуыл жасайды. Адамдарға бұл індет денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда жұғады. Сонымен қатар, Конго Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған науқасқа күтім жасау кезінде науқастан әртүрлі (мұрын, тіс, жарақат және басқа да) қанкетулер кезінде денені қорғаныш (маска, резеңке қолғап) құралдарынсыз күтім жасаған сау адам немесе медициналық қызметкердің осы індет жұқтыру қаупі жоғары. Адам ағзасына вирус енгеннен кейін аурудың орташа жасырын кезеңі 2-14 күн аралығында білінеді.

Вирус қан тамырларын зақымдап, тамырлардың өткізгіштігін жоғарылатып, қан ұю жүйесін бұзады. Сырқаттану жіті басталады, дене қызуы 39-41 градусқа дейін көтеріліп, мұрыннан, тістен, қызыл иектен, жатырдан, асқазан, өкпеден, көзден қан кетуі мүмкін. Тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Лоқсу, құсу, іш өту сияқты симптомдар пайда болуы, ине салған жерлердің көгеруі, бет ісініп, қызаруы да – індетке тән белгілер.

Көбінесе тұрғындар кенені жалаң қолмен өз денесінен, жануарлардан жұлып, өз денсаулықтарына немқұрайлық танытады. Клиникалық белгілері байқалғанда ауа райымен, тағамнан уланумен, күн тиюмен, салқын тигізумен байланыстырып, денсаулықтары күрт нашарлаған кезде медициналық көмекке кеш жүгінеді, нәтижесінде ауруы асқынған жағдайда  ауруханаға түсіп, кейде өлім жағдайлары да кездеседі.

Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда өлім жағдайын болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Сондықтан, егер кене шақса немесе табиғатқа шығу, мал қырқымына, мал сою, мал күтіміне қатысудан кейін клиникалық белгілер байқалса шұғыл түрде емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгіну қажет.

Ж.Жетілгенова,

аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы   

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<