ТАБЫС СЫРЫ – БАСҚАРУ ТИІМДІЛІГІНДЕ

390

0

Қазақстан Республикасы Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында мемлекетіміздің тұрақты ілгерілеу индексі болып табылатын басты фактор – басқару ісінің алдыңғы қатарға қойылуы тектен-тек болмаса керек.

Осы орайда, биылғы Жолдаудың сегізінші бағыты бойынша тиімді мемлекеттік басқарудың маңызды қағидаттарына ғылыми негіздегі саралы да сапалы талдау жасалған деп айтуға болады. Егемен еліміз үшін тағдырлы саналатын бұл директивалық құжатта: «Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек»,− делінген.

Жалпы бұл бағытта атқарушы билік органдарындағы өкілеттіктердің бірін-бірі қайталап отыруын болдырмау, мемлекеттік жүйенің кеңінен қатысуы қарастырылып отырған секторлардағы әділ бәсеке қағидаттарының бұзылуына жол бермеу ерекше көзделіп отыр. Осы көрсетілген түйткілді мәселелермен қатар мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін көтеруге септігін тигізетін маңызды міндеттер тізбеленіп, оны басқарудың механизмін жетілдіре түсудегі негізгі басым бағыттар ұсынылған. Елбасының бұл жаңа Жолдауында басқару тәсілдері тиімділігін бағалаудың критерийлеріне бүгінгі күн тұрғысынан алғандағы кең ауқымды шолу беріліп, келешекке бағдарланған қазіргі заманғы  даму үрдістеріне сай зерделеу жүргізілгендігі айдан-анық. Сол сияқты қазір жүзеге асырылу үстіндегі өңірлік саясатта  аймақтардың шығындарын теңестіруден түсетін жеке табыстың арта түсу көрсеткіштері одан әрі ұлғая беруі де қарастырылған. Бұл үдеріс фискальды орталықсыздандыру шеңберінде кіші және орта бизнестен алынатын корпо­ративтік табыс салығын облыстық бюджеттерге де беру мәселесін кезек күттірмей шешуді қажет ететіндігін сала маманы ретінде  еске ала кетуді жөн санаймын.

Осы аталған міндеттер үдесінен шығу жолындағы нақты атқарылар іс-қимыл, кешенді жоспарларды қамтитын бағдарламалық құжатта Елбасымыз: «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс», – деп елімізде кеңінен қолға алынып, дәйектілікпен жүзеге асырылып жатқан қазіргі заманғы басқару тетіктерінің, іс үстіндегі қаржылық қадағалау институты қадамдарының  қарышты даму бағыты мен нысаналы мақсатын тағы да нақтылап, тұжырымдап беріп отыр. 

Елбасының биылғы Жолдауындағы «Тиімді мемлекеттік басқару» деп аталатын бағытта біз осы қазір қарастырып отырған саладағы жүргізілетін сан алуан тексерулер барысында тиісті талаптардың бұзылмауына кепіл болып табылатын қолданыстағы заңдардың іске асырылуын қамтамасыз ету назарға алынған. Сондай-ақ, мемлекеттік меншікті басқарудың және оны нысаналы түрде пайдаланудың заңдылығына жүргізілетін бақылаудың пәрменді жүйесін құру бойынша бағыттаушы бірқатар шаралар кешені ұсынылған. Мұның бәрі де, сайып келгенде, жас мемлекетіміздің одан әрі нық қадаммен ілгерілей беруіне сенімді қызмет етері сөзсіз деп санаймын.

Сыр елінің еңбеккер қауымы да Президентіміздің жаңа Жолдауына қолдау білдіріп, еселі еңбек ете береріне сеніміміз кәміл.

Б. СМАҒҰЛОВА,

облыс бойынша

ішкі мемлекеттік аудит департаментінің

бас маманы, мемлекеттік аудитор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<