Табысты өңірдегі тартымды жобалар

2961

0

Фото: ашық дереккөз

Әлемде инвестициялар үшін бәсекелестіктің артуы күтіліп отыр. Сондықтан экономиканың барлық салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдау өте өзекті.

Бұл ретте облыста экономиканы жандандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Аймақ негізгі капиталға салынған инвестиция қарқыны бойынша республикада бірінші орында. Тартылған инвестициялардың көлемі аймақтың ашықтығының, нарықтық экономикаға бейілділігінің әрі бизнес жүргізуге тартымдылығының басты белгісі. Сондай-ақ бұл – жағдайдың тұрақтылығының айқын дәлелі. Басқа да салалар бойынша  Сыр өңірі алдыңғы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.

Айталық, облыс қазір қарқынды құрылыс алаңына  айналды.  Мемлекет   басшысының қолдауымен өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылып, ауқымды инвестициялар тартылып, экономиканың негізгі салаларында серпінді қадамдар жасалуда.

Соңғы сегіз айда облыста инвестиция тарту қарқыны артқан. Биыл республикалық бюджеттен қаржы тарту көлемі де айтарлықтай артты. Мәселен, жыл басынан бері республикалық бюджетте құрылыс, жол және энергетика салаларына 62,8 млрд теңге қарастырылған. Жақын арада бұл көрсеткішті 100 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Елді мекендерді дамытуға облыстық бюджеттен 15-20 млрд теңге бөлу жұмыстары жүргізілуде.

2022 жылдың басымен салыстырғанда инвестиция қарқынының өсімі 5 есеге артады. Соның нәтижесінде өңір экономикасын айтарлықтай жандандыратын ауқымды жобаларды жүзеге асыру басталады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар министрлермен кездесіп, өңір үшін маңызды жобаларды талқылаған болатын.

Аталған жұмыс сапары барысында жасалған маңызды мәмілелер қатарында суару жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту, су бөлу процестерін автоматтандыру және цифрландыру, Кіші Аралды сақтап қалу мәселелері қамтылып отыр.

Сондай-ақ, елді мекендерді дамыту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынбақ. ҚР Экономика министрлігі биыл аймақта жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 17 жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда. Республикалық бюджетті нақтылау барысында тағы да 72 жоба ұсынылмақ. Жобалар елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қолдауымен облыста алдағы 3 жылда Ұлттық жоба аясында 21 жайлы мектептің құрылысы жүргізіледі. Жалпы, биыл өңірде 131 жаңа нысан салынады. Білім саласында 22,3 млрд теңгеге 22 нысанның құрылысы жоспарлануда. Оның 10-ы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектептер құрылысы.

Ірі нысандар қатарында Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеретін 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысын айтуға болады. Бұдан бөлек, 16 денсаулық сақтау нысанының құрылысына 5,2 млрд теңге бөлінді. Мәдениет саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Құны 4,5 млрд теңгені құрайтын 11 нысан ел игілігіне беріледі. Бұқаралық спортты дамыту үшін 7 жаңа нысанның құрылысы басталды. Олардың көпшілігі ауылдық жерлерде. Сонымен қатар, облыс орталығында көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда.

Өңірде тұрғын үй саласында да жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл 23 тұрғын үй, оның ішінде 12 арендалық және 11 несиелік үй салынады. Сол жағалауда 84 пәтерлік жеті қабатты 6 тұрғын үй бой көтереді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға жергілікті меценаттарды көптеп тартып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға 9 млрд теңге қаржы бөлінді.

Жыл соңына дейін құны 3,7 миллиард теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығын» пайдалануға беру жоспарлануда. Отбасын құруды жоспарлаған жастар үшін құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын заманауи үлгідегі «Неке сарайы» да есігін айқара ашпақ. Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылысы жүріп жатыр. Облыстың Түркістан облысымен шекарасында демеуші қаржыға құны 200 миллион теңгеге кіреберіс қақпа салынуда.

Аудандар мен шағын ауылдарда да жаңа нысандардың құрылысы тұрақты жүргізілуде. Бүгінгі таңда 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі», «Балықшылар ескерткіші» мен аллея пайдалануға берілді. Заманауи үлгідегі демалыс саябағы ел игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар, «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.

Облыс орталығында жолаушылар ағынын жақсарту үшін өткен жылы сатып алынған 150 автобустың 100-і келсе, биыл тағы 150 автобус сатып алуға қосымша қаражат бөлінді, осылайша автобус паркі 300 жаңа автобуспен толығады.

Ақпан айында Қызылордада сметалық құны 12 млрд теңгені құраған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталады. Терминал құрылысын Болат Өтемұратовтың қоры қаржыландырмақ.

«ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорнымен жасалған келісімнің нәтижесінде облыс орталығында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтермек. Сондай-ақ 7 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталады. Құрылысқа «Саутс Ойл» компаниясы демеушілік етпек.

Бүгінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Облыстағы 230 ауылдық елді мекеннің 98 пайызы орталықтандырылған ауызсуды тұтынады. Биыл ауылдық 20 топтық су құбырына қосу, ішкі су құбырларын тарту және су тазарту құрылыстарын орнату жұмыстары жүргізілмек.

Биыл түрік инвесторларының қолдауымен құны 215 миллиард теңге болатын жаңа жылу-электр стансасының құрылысы басталып, қаланы жылумен толық қамтамасыз ететін болады.

Өңірде жыл сайын бірнеше елді мекенге газ тартылып, мыңдаған отбасы «көгілдір отын» игілігін көруде. Мәселен, былтыр 7 ауылға газ тартылып, 15 мың тұрғын пеш жағудың әуре-сарсаңынан құтылды. Нәтижесінде облыс халқының «көгілдір отынмен» қамтылған үлесі 68 пайызды құрады. Биыл өткен жылы қолға алынған 7 жоба іске қосылып, 8 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Осылайша, жыл соңына дейін тұрғындарды газдандыру көрсеткіші 72 пайызға жетеді.

Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2,1 млрд теңгенің 5 жобасы ұсынылып, оның ішінде 923 млн теңгенің 2 жобасы қолдау тапты. Бюджетті нақтылау кезінде тағы 9 жоба ұсынылмақ. Жол сапасын арттыру саласында да көптеген жаңа жобалар қолға алынды. Былтырғымен салыстырғанда бөлінген қаржы көлемі екі есе артты. Биыл ұзындығы 440 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелерді жөндеуге және 11 көпір құрылысына 14,8 млрд теңге бөлінді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы мен 7 аудан орталығындағы 6 елді мекен, 25 ауылдың 100-ден астам ішкі көшелері толықтай жаңартылады. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жыл соңына дейін облыстағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық көрсеткіші 87,5 пайызға жетеді.

Аймақ экономикасына қаржы өзінен-өзі құйылып жатқан жоқ. Ол осы мәселені ұдайы назарда ұстап, республика бюджетінен, шетелден қаржы тартуға, табысты халықаралық келісімдер жасауға басымдық беріп отырған облыс басшылығының түрлі тың бастамаларға ұйытқы болуының, инвесторлар үшін оңтайлы орта қалыптастыра білуінің нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінде Сыр өңірі инвестиция мәселесінде табысты өңірлердің біріне айналып отыр. Облыс басшылығы осы мақсатта ірі компаниялар, шетелдердегі шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізуде. Бұл орайда да ойластырылып отырған тартымды жобалар аз емес. Демек, сырттан құйылатын қаржы ағынын қамтамасыз ету арқылы өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<