Қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні ретінде аталып келе жатқанына 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде түрлі сала мамандары мемлекеттік деңгейде марапатталып, төккен тердің арқасында төрден көрінуде. Еңбектің маңызын ерте жастан түсіндіруде, жұмысшы мамандарына деген ыстық ықылас пен еңбекқор жандарды үлгі етіп, беделін арттыруда, жастарды өндіріске тартуда бұл күннің мәні мен мазмұны бөлек. Атаулы мереке қарсаңында облыста «Адал азамат – Адал еңбек» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, жиналғандарды Еңбек күнімен құттықтады.
– Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Бұл мереке – адал еңбегімен елдің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға деген құрметтің көрінісі. Сондықтан барлығыңызды Еңбек күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда да, халыққа арналған Жолдауларында да кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керегін айтты. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Расында, мемлекетімізді дамытатын осындай азаматтар. Ұлы Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп өсиет қалдырды, яғни табысқа жетудің кілті – еңбек. Жыл басынан бері аймағымызда 25 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы қабылданды. Іске асырылатын 280 жоба аясында 3 мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделсе, қазір жылдық жоспар орындалуда. Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес биыл аймағымызда 8210 жұмыс орны жасақталды. Жылдық жоспардың 80 пайызға жуығы орындалды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Табанды еңбек – бәсекеге қабілетті арттыратын басты формуланың бірі. Еңбекқорлықтың арқасында биік белестерге қол жеткізіп, елдің құрметіне бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Басқосуда «Таң ЛТД» ЖШС бас агрономы, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпазы Ербол Ақбергенов сөз алды.
– Мен Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» серіктестігінде 30 жылдан астам еңбек етіп келемін. 2008 жылдан бері бас агрономмын. Табысқа өз кәсібіңнің шебері болу,ерінбей еңбек ету арқылы жетуге болады, – деді ол.
Сонымен бірге шарада облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов және облыстық кәсіподақтардың жастар қанатының өкілі Раушанбек Шарапат ұсыныс-пікірлерін бөлісті.
Жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы күн қарсаңында үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындау үшін «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізеді. Биыл бұл байқауға облыстан 26 азамат қатысқан. Байқау нәтижесінде «Үздік еңбек әулеті» номинациясын Атшыбаевтар әулеті жеңіп алған еді. Бұл әулетте 10 адам мұнай-газ саласында еңбек етеді, барлығының жиынтық еңбек өтілі 304 жылды құрайды. Есімдері еліміздің «Алтын картасына» және Атырау облысындағы мұнайшылар әулетінің Құрмет тақтасына енгізілген. Әулеттің әрбір мүшесі еңбек жолында көптеген марапатқа ие болған. Марапат төрінен көрінген осы әулеттің отанасы Бақтыгүл Мектепбайқызы мұнай саласында 42 жыл тер төккен.
– Бүгінгі шарада баламмен бірге өзімнің де құрметке бөленіп жатқаныма қуаныштымын. Менің жолдасым, балаларым да осы салада еңбек етеді. Ұлым Асқар Махатұлы «Торғай Петролеум» АҚ мұнай және газ өндіру цехының І санатты геологы болып жұмыс істейді. Талай жыл төккен теріміз еленіп, республикалық байқаудан «Үздік еңбек әулеті» номинациясын иелендік. Балаларымызға әрдайым еңбектің наны тәтті болатынын жастайынан санасына сіңіріп өсірдік, – дейді ол.
Шарада «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпаздарына, сондай-ақ ел алғысына бөленіп жүрген бір топ азаматқа сый-сияпат көрсетіліп, облыс әкімі атынан алғыс хат табысталды. Мерекелік басқосу ән мен жырға ұласты.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<