Тәрбие тал бесіктен

2244

0

Фото: ашық дереккөз

«Атымды адам қойған соң, қайдан надан болайын», – дейді хакім Абай. Расымен де, біз ата-ананың алпыс екі тамырын иіп, жүрек тұсын жарып шыққан перзенті болғасын бізден үлкен үміт күтері хақ. Соған сай бізде сенімге селкеу түсірмей білімді де, тәрбиелі болып өсуіміз керек ақ. Ұлы ойшыл Әл-Фараби атамыз: «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі тиіс, тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы», – деген еді.

Ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелеу үшін отбасының, ата-ананың алар орыны ерекше. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың, отбасының маңызды екендігін білген халқымыз «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегенді тегіннентегін айтпаған және аз сөзбен-ақ ұлы ұғымға меңзей білген.

Жаңа туған баланың бойындағы рухтың дамуына тіл мен діл отбасында беріліп, ата-ананың тынымсыз жасаған еңбегімен қалыптасады.

Әрбір ұлтты бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын осы тіл мен діл дүниеге келген сәбиге ананың сүтімен, әкенің қанымен беріліп, сол жасты рухы мықты азамат етіп өсіреді. Рухы мықты азаматтың болашағы да зор болмақ. Сол үшінде әрбір ата-ана баласының жақсы тәрбие алуына, дені сау болып өсуіне көңіл бөліп, өздері тарапынан берілетін тәрбиенің мәніне, мазмұнына назар аударғаны абзал болар еді. Өйткені, әр баланың бойында қалыптасқан мінез-құлық, әдептілік, білім алуға деген ынта тек ата-ананың тәрбиесімен, солардың бойларындағы жақсылықтармен дамитын қасиет.

Ата-ана – балаға үлгі. Ертеңіне жол көрсетіп тұрған бағдаршам. Осы пікірімізді мынадай мысалдармен дәлелдеуімізге де болады. Кезінде мұғалімдік мамандықты игерген бір азамат уақыт өте келе ішімдікке үйір болып, соның салдарынан мектептен шығып қалып көше кезіп жүретін маскүнемдік жолға түсіпті.

Сол отбасындағы бес баланың қай-қайсысы да мектепте нашар оқып, үсті-бастары кір-қожалақ болып жүретін еді. Отбасындағы қиындыққа төзе алмаған балалардың анасы ауырып қайтыс болды.Ауылдастары сол балалардың өскені болмаса, өмірлері мәнді болмағандарын айтып жүрді. Әке мас болып, шеше үйдегі қиындықтардан қазаға ұшырауы балалардың бірінің ұрлық жасап істі болуына итермелесе, қалғандарының оқусыз, белгілі бір мамандықты меңгере алмаудан азып-тозып кетулеріне себепші болды.

Ұлттық танымның атасы Ахмет Байтұрсынов: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» депті.

Осыны еске алсақ, бала тәрбиесі ата-ананың берген үлгі-өнегесіне тікелей байланысты екенін көреміз.Ғылыми негізге сүйенсек, адам баласының бүкіл тәрбиесінің негізгі қоры 18 жасқа дейін жиналып болады екен.

Кішкентайынан тәрбиелеуді өзіне міндет санамаған ата-аналар балаларының әртүрлі жаманшылықтарына мектептерді ғайбаттап, ондағы тәрбиені кінәлап жатады. Ал, анығында мектепке дейінгі ата-ана тәрбиесінің аздығынан, балаға көңіл бөлмегендіктен болған олқылықтардан опық жеп жүрген ата-аналар аз емес.

Оған себеп кешегі Қазалы ауданындағы келеңсіз жағдай көрінісі. Жас балалардың осыншама қатігездікке барып, басбұзарлық әрекет жасауы қоғам назарын аудармай қоймады. Осы орайда көп балалы ананың пікірін білген болатынбыз.

– Әрине, әркім кінәні сырттан іздеуге асық тұрады. Мектеп тек білім беруші орта ғана. Ал ата-ана бала тәрбиесінде уақытты қадірлей білгені дұрыс.Өйткені, оның әр сәтін дұрыс пайдалана білген адам ғана ұтады. Сол үшінде балаңды бес жасқа дейін еркелетіп еркін ұстап өсір, 5 жастан 15 жасқа дейін үй-ішінің бар жұмысына үйретіп, араластырып өсір. Ал, 15 жастан әрі досыңдай сырлас деген халық даналығы бекер айтылмаған. Уақыт қайта оралмайтын құнды қасиет. Сондықтан бала тәрбиесінде осы қағидаларды ұстана білген дұрыс. Өйткені уақыт ұлы істер бастауы. Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңыз» деп ұйықтап кеткен Эйнштейнді біраз тынығып алсын деп бір сағат өткенде ғана тұрғызған қызметшісіне: «Жарты сағат уақытымды қайтарып бер» деп ашуланған екен.Уақытын темекі тартуға, күліп-ойнап бос жүруге, ұйқыға арнаған адамдар өмірінің пайдасыз іске жұмсағанын біле бермейді. «Ондай адамдар батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме дүкен құрып отырған жолаушыға ұқсайды» деген екен үлкен ілім иелері. Міне, бала тәрбиесінде көп ата-аналарға осы қағида жетіспей жатады, – дейді білім саласының ардагері, «Алтын алқа» иегері Сауле Сайдова.

«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген байырғы бабалар өсиеті өміршеңдігін жойған емес. Ендеше, уақытты тиімді пайдаланып, бала тәрбиесіне бүгіннен бастап көңіл бөл. Өйткені ертең тым кеш болуы бек мүмкін. «Кешегі күн – тарих, ертеңгі күн – жұмбақ, бүгінгі күн – сый» деген даналық сөздің астарында аласармас ақиқат жатыр. Отбасы – әр адамның тәрбиелі болып өсуіне арналған алтын бесік. Сол бесікте тербелген бала болашақта елге елеулі, қатарына сыйлы, ата-анаға мақтаныш болып өсері анық. Сондай үйлерден өсіп шыққан балалар ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосады.Бала тәрбиесі – ата-ананың еккен егінінің жемісі.

Сол жемістің игілігін көремін деген ата-ана, бала тәрбиесін екінші орынға қойып, күнделікті тіршіліктің ықпалында кетпегені жөн. Сонда ғана ойлаған мақсатымызға жетеміз. Баланың жақсы болғанына мақтана алатын боламыз. Бір әкенің тәлімін жүз мектеп бере алмайды деген өмір шындығы осындайда айтылса керек-ті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<