Тәрбие – тал бесіктен басталады

1503

0

Фото: ашық дереккөз

Бүгінде отбасындағы бала тәрбиесінің маңызы, қажеттілігі жайлы кеңестерге толы нұсқаулық кітаптар көп. Десек те балабақшаның  тәрбиедегі рөлі көлеңкеде қалып жатады.  Отбасында еркелеп өскен баланың  қоғаммен байланысын балабақша қалыптастырады.

Бұл жерде әртүрлі жастағы балалар жиі кездесіп, бірге ойнауға таптырмайтын мүмкіндік туады. Үйдің маңындағы алаңда ойнаған балалар өзара болатын жанжалды, кейбір келеңсіздіктерді болдырмай, оны өз беттерінше шешуге дағдыланады. Балабақшада немесе үйірмелерде бір топта болып, бір-бірін жақсы танитын балалар мектеп табалдырығын аттаған сәтте де бір-бірімен тез тіл табысып, араласып кетеді.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, отбасында тәрбиеленген бүлдіршіндер өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Мұндай қолайсыздықтың алдын алу үшін ата-ана баласын мектепалды даярлық тобына беруіне болады. Сол жерде ол өзінің болашақ сыныптастарымен алдын ала танысып, бір-біріне бой үйретуіне мүмкіндік туады. Мұндай тәжірибенің мектепке алғаш барған баланың өзін еркін сезініп, өзін өзгелермен бірдей ұстауына тигізер пайдасы зор.

Қоғаммен байланыс орнатуда балабақшаның маңызы жайлы айтылар сөз көп. Алайда, таяқтың екі ұшы болады демекші, бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде жұмыс басты ата-аналардың баласына көңіл бөлуге уақыты жоқтығының салдарынан балабақшаға бере салу тиімділігінің ойнап тұрған заманы емес пе?

Шынтуайттап келгенде балабақша ата-ананың тәрбиесінің орнын баса алады ма, міне сұрақ. Не себепті ата-аналар туа салып баланы тәрбиешінің қолына табыстауға асық? Бір жастан бастап баланы балабақшаға беру қоғаммен байланыстыруға асықтық деп түсінгеніміз жөн бе әлде ата-ананың өз басының қамын ойлап, жұмысына кедергі келтірмес үшін жасаған әрекеті ме екен? Оқырман оқып отырып көпшілігінде «өз басы» деу қателік. Ата-ана әр уақытта баласы үшін нәпақа тауып, тіршілік қылады деген тоқтамға келуі мүмкін. Алайда баланы дүниеге алып келер алдын осы жағдаяттарды неге ескермеген? Жоспарсыз баланың болашағын ойламастан оны жарық дүниеге алып келу дұрыс емес. Өйткені, әрбір бала жеке күтімді талап етеді.

Қазір өзіндік ойы қалыптасып ата-анасының айтқанын тыңдамай, қарсы шығатын балалар көп. Менің ойымша, мұндай келеңсіздіктің орын алуына жеке отбасылық тәрбиенің жетіспеушілігі себеп болуда. Біздер болашақта тіл алмайтын ұрпақтың көбеюіне тосқауыл болуымыз керек. Ол үшін бірінші кезекте баланы жастайынан тәрбиелеп, оған ненің жақсы, жаманын үйретіп тәлімнің «іргетасын» ата-анасы қалауы қажет. Балаға бағыт беремін деп қысымға алуға да болмайды. Алайда, арасында шектен тыс еркелікке салып кетсе ес жидырып бір «әй» деп қойсаң жеткілікті. Ата-анасын тыңдаған баланың қор болғанын көрген емеспін. Баланың санасы туғанда ақ парақтай таза болады. Сол себепті ең алғашқы танымына әсер ететін әрекеттер оның үйренгеніне, көргеніне қарай қалыптасатыны анық.

Бала дүниеге келгеннен бастап оған жақсы күтім жасау әрбір ата-ананың парызы. Бүгінгі бала – ертеңгі ата-ана, келешектің іргетасын қалыптастырушы қоғамның бір бөлшегі. Бүгінгі қарбалас заманда адамды адам етер тәрбиесі мен білімі. Бала тәрбиелеуде балабақша қажет, ол ата-анаға қолғабыс, балаға коммуникацияны орнатар орта екендігіне күмәніміз жоқ. Алайда, менің ойымша, балабақшаға баланы ес біле бастаған жастан бастап берген жөн. Ол үшін 3-6 жас аралығы таптырмас уақыт болып табылады.

Әлемді шарламай-ақ ұлттық тәрбие­нің тереңіне бойласақ та баланы ерте жас­­тан дамытудың қандай маңызды екенін түсінуге болады. Қазақ сәбиін 1-3 жастан емес, тіпті құрсақтан тәрбиелеуге ерекше мән берген. Бірақ халық педагогикасын да, әлемдік тәжірибені де қолға алу үшін ең алдымен тәрбие мен білім беретін ұйымдар жайын шешіп алуымыз қажет деп санаймын.

  Арайлым Өтепова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<