Тәрбиенің бастау бұлағы

68

0

Қызылордадағы Т.Рысқұлов атындағы  №222 орта мектептің тек білім ғана емес, ұлттық құндылықтарды алға тарта отырып, оқушыларға тәлім-тәрбие беруі – ерекше бағыт.

Мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушының санасына алдымен білім мекенінің тәртібі мен ұстанымдарын сіңіреді. Директор Мақсұт Ахметұлы бастаған ұстаздар қауымы осы бағыттан таймай, тыңғылықты жұмыс атқаруда. Сонымен қатар тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар Г.Ақылбекқызы, Б.Бектемірдің қызмет барысындағы оқушымен тіл табысуы, өзгеше әдіс-тәсілдері және тәрбие жұмысын тиімділікпен ұйымдастыру бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. 

«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының ұйымдастыруымен өткен «Отбасылық хикаялар» республикалық бейнероликтер конкурсына осы мектептің 3, 7-сынып оқушылары, бір үйдің балалары Әмірбек Әсем мен Көркем, Мерей қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Ұстаздары Ж.Қорғанбаева, А.Ахметова бала тәрбиесіндегі ынтымақтастықты қалыптастырып,  ортақ мақсатты көздеген өз қызметтерін аянбай атқарып келеді.

Отбасы институтын сақтау және нығайту, жас ұрпақты адалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, қадірлеуге, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жандандыруға  негізделген республикалық конкурстың берері мол.

Қазақы тәрбиенің бастау бұлағына айналған бұл әулеттің алтын қазықтары Әмірбек ақсақал мен Ақмарал әже немерелерін ізгі ниетті, адал етіп тәрбиелеуге мән береді. Ата-әженің тәрбиесі ізгіліктің жарығындай бала жүрегін нұрландырып тұратыны хақ. Өмірден алған тәжірибесі мол, көпті көрген көнекөз қарияларымыз аман болсын.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<