Тәртіп сақшысы – ел қорғаны

598

0

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 31 жыл. Бүгінде өңірде қоғамдық тәртіпті сақтауда екі мыңнан астам Сыр сақшысы абыройлы еңбек етуде. Жауапкершілігі зор маман иелерінің кәсіби мерекесіне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында арнайы брифинг өтіп, салада атқарылған жұмыстар баяндалды.

-1992 жылдың 23 маусымында «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданып, Қазақстан полициясы құрылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жұртқа жақын полиция» қағидаты мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда полиция қызметкерлері сүбелі үлес қосып келеді. Өздеріңіз білетіндей, тәртіп сақшылары күні-түні қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін табандарынан тік тұрып қызмет етеді. Жұмыс барысында өз басын қатерге тігіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жан қиған әріптестеріміз де бар. Олардың адал қызметтері кейінгі жас мамандарға үлгі деп білемін. Сондай-ақ, ерлермен бірге иық тіресіп, пагон таққан 200-ден аса нәзік жанды өз міндеттерін мінсіз атқарып келеді. Осы орайда барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, қызметтеріне табыс тілеймін!, – деді облыстық ПД кадр саясаты басқармасының аға инспекторы Сабыр Ахметқалиев.

Бүгінде өңірдегі полиция департаментінің ардагерлер кеңесінде 2700-ден аса зейнеткер бар. Олар өз тәжірибелерін ортаға салып, департамент қызметкерлерімен бірге тиісті жұмыстар жүргізіп келеді.

-Кәсіби мерекеге орай біздің ардагерлер кеңесі қызмет бабында қаза тапқан әріптестерімізге құрмет көрсету үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, олардың ерліктерін жас буынға дәріптеп келеді. Алда келе жатқан кәсіби мерекемен барша әріптестерімді құттықтаймын. Еліміздің тыныштығын сақтауда абыройлы қызмет етесіздер деген сенімдемін, – деді облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Қуатбайұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<