Тәтті өнімнің ащы шындығы

520

0

Қант тапшылығы қайталануы мүмкін бе?

Былтыр «қанты бар үй – қазына» деген сөз хит болды. Себебі белгілі. Қант қат болған шақта құйма алтындай қымбаттап кеткен құмшекерге бәрі таласа бастады. Балға үймелеген арадай шекерге таласқандардың бейнежазбасы да «желіні жарды». Еліміз 30 жылдан астам уақыт бойы қант жөнінен импортқа тәуелділікті еңсере алмағаны рас. Салдарынан бұл ішкі нарықта үнемі тұрақсыздық тудыратын факторға айналды. Республика Ресейге әлі тәуелді. Биылғы бағам қалай құбылады? Қант нарығында нендей өзгеріс бар? Қант тапшылығы қайталана ма? Соны бір сараптап көрдік.

Өткен жазда бүкіл елді дүрліктірген қант мәселесінен кейін еліміздегі қызылша алқабының көлемі екі есеге – 10,2 мыңнан 19 мың гектарға дейін өскен екен. Қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарында отандық өніммен қамту көлемі небәрі 7 пайыз екені жазылған. Қалғаны – қайта өңдеуге арналған импорт шикізат пен дайын құмшекер.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша жыл сайын алқапты кем дегенде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқылы қант тапшылығынан біртіндеп құтылуға болады. Жылына осынша гектар қосқанда 2026 жылы қызылша тұқымы егілетін аумақ 38 мың гектарға ұлғаяды. Бірақ бұл ретте көлденеңдеп тағы бір түйткіл шыға береді, ол – қант қызылшасын суармалы егістікте өсіру қажеттілігі. Құрғақ климатты Қазақстанда бұл едәуір қиындық тудырады. Алқаптың кеңеюіне су тапшылығы, суару желілерінің тозып кеткендігі және күрделі инфрақұрылымдық түйткілдер кедергі келтіріп тұр.

Жоспарда алдағы үш жылда елімізде ылғал үнемдейтін технологияларға арналған алаңдар кеңейтілетіні көрсетілген. Фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін билік жерасты суларының кен орындарын алдын ала барлау және суару желілерін қайта құру арқылы шығындармен жұмыс істемек.

Фермерлердің айтуынша, алқапты 38 мың гектарға жеткізіп, Қазақстанды қантпен қамтимыз деуге келмейді. Ол үшін алқап кемі 120-150 мың гектарға жетіп жығылуы керек екен. Қазақстан іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы Қанат Әбілмағжановтың сөзінше, оңтүстікте ондай ауқымды аумаққа тек қызылша егіп тастау мүмкін емес. Өйткені онда өтімділігі жоғары жеміс-жидек және бақша дақылдары көбірек егіледі.

– Алайда қызылшаны орталық, шығыс және солтүстік өңірлерде де өсіруге болады. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіпті тәжірибелі егістер де жүргізілді. Алайда қант қызылшасын солтүстікте егудің де әлегі аз емес. Егер егетін болса, онда дереу қант кластерін құрып, егіншілік пен өңдеуді біріктіру керек дейді мамандар. Өйткені қызылшаны тиеу және түсіру кезінде ысырапқа көп жол беріледі екен. Ал ондай жағдайда тасымалдау қажет емес. Тасымалдың өзі – қып-қызыл шығын.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары қант қызылшасын «Ертіс-Қарағанды» каналына таяу аумақта өсіруге болатынын айтады. Қысқасы, қант өсіруге су көбірек керек екені түсінікті. Жамбыл облысы қант қызылшасын өсірушілер бірлестігінің төрағасы Саха Манатов 2021 жылы су тапшылығы салдарынан 220 гектар өнім жоғалтқанын мәлімдеді. Сөйтіп, егіс алқабы екі есеге бір-ақ қысқарған.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, отандық шикізаттан қант өндіру 200 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ импорт үлесі 58 пайыздан 17 пайызға төмендейді.

«Оның бәрі жол картамызда көрсетілген. Фермерлерді қолдау бойынша субсидия мөлшері ұлғайтылды. Зауыттар 15 мың теңге, мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді» дейді ведомство басшысы.

Жалпы, 90-жылдардан бері қант қызылшасы алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін азайып кеткен. Тізбелей берсек, оған себеп болған фактор көп – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің шағын болуы, импорттық тұқым құнының жоғарылығы, фермерлердің техникалық жарақтандырылуының төмен деңгейі және сумен қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар.

Үкілі үмітіміз – 2026 жылға дейін іске асуы тиіс кешенді жоспарда. Жоспар 4 негізгі бөлімнен және 33 іс-шарадан тұрады. Онда қант қызылшасының егіс алқабын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайту, жаңа суармалы жерлерді іске қосу, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салу қарастырылған.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің көздегені – кластерлік тәсіл. Қант қызылшасын өсіретін фермерлер зауыт төңірегіне топтасады. Зауыт оларға ауыл шаруашылығы техникалары, тұқымдар бойынша көмектеседі. Кешенді жоспарда суару мәселесі шешімін табады деп көрсетілген. Өйткені бізде тек жер жетіспеушілігі емес, суарылған жер жағдайы да – үлкен проблема. Ал қызылша бір маусымда бес мәрте суаруды қажет етеді» дейді Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, елде қант тапшылығы бойынша қауіп жоқ, бірақ баға қымбаттауына қатысты тәуекел бар.

«Біз қанттың көтерме бағасына минималды деңгей енгізгіміз келген. Бірақ қымбаттап жатқандықтан тоқтаттық. Біздің өндіріс Ресейдікінен қымбат, өйткені ол қамыстан жасалған. Қалай болғанда да отандық зауыттарды қолдау шаралары, субсидиялау нұсқасы қарастырылып жатыр», деді министр.

Қазір елімізде төрт қант зауыты жұмыс істейді, олар – Меркі, Тараз, Ақсу, Көксу зауыттары. Солардың ішінде ең шағыны – Көксу қант зауыты. Олар тәулігіне 2000 тонна қызылша, 300 тонна шикізатты өңдей алады. Өзге зауыттардың қуаттылығы бұл көлемнен екі есе жоғары.

Осы тұста айта кетейік, Сыр еліне де қант сырттан келеді.

– Облыста бағаны тұрақтандыру үшін «Меркі қант зауытына» 2354,3 тонна өніммен қамтамасыз ету мақсатында айналым схемасы шеңберінде 1083,0 млн теңге қарыз берілген болатын. Бүгінгі күні 204 тоннасы жеткізілді. Ал «Алтын қамба» қоймасында 193,5 тонна қор бар, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Нарқыз Орданбай.

Ең қызығы, импорттық шикізаттың көмегімен де отандық өндіріс ішкі қажеттілікті тек 50 пайызға жабады. Тәтті өнімнің басты жеткізушісі – Ресей. Былтыр дәл осы Ресей билігінің қант экспортын уақытша шектеу туралы бұйрығы елімізде дүрбелең (қант тапшылығы, бағасының күрт өсуі) тудыруға жеткілікті болған еді.

Қалай болғанда да, сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әзір РФ қантына тәуелділіктен құтыла алмайды. Ащы шындық осы. Ресей қызылша өсірушілерді мықты, жан-жақты қолдау тауып, алға қарай қуатты серпін жасады. Осының арқасында оның төл шикізаты өзінің 140 миллион халқын қамтуға да, сондай-ақ шетелге экспортқа шығаруға да толық жетеді. Мәскеудің Еуразиялық одақ арқылы өз мүддесін тықпалап, қомақты баж салығын енгізу арқылы шетелдік қант құрағының импортына тосқауыл қойғызуының мәнісі де сонда, яғни, осы одақтың нарығын басыбайлы астына басты.

Ресейлік қант өндірушілер өз мемлекетінің мол субсидиясы арқасында бұл өнімді арзанға сата алады. Мысалы, әр келісін 360-380 теңгеден ұсына алады. Сонымен бірге РФ қанты елімізге контрабандамен әкелінеді, Қазақстан қазынасына 12% қосылған құн салығын төлемейді.

Ал қазақстандық қанттың өзіндік құны өте жоғары: табыс табу үшін олар әр келісін 490 теңгеден сатуы керек екен. Бірақ бұл елде қымбатшылықтың өршуіне түрткі болады. Сондықтан, мәселен Тараз қант зауыты осы шілде айында әр келісін 390 теңгеден босатуға мәжбүр болыпты. Әңгіме тағы да отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды арттыруға тіреледі.

Қаза берсек салада проблема көп. Демек, оны шешу үшін Үкіметтің түрлі құрылымы үйлесімді, бірлесе қимылдап, кешенді шаралар қабылдағаны жөн. Тіпті қант бойынша проблемалар толық шешілгенше жұмыс істейтін жеке ведомствоаралық комиссия құрса, оның құрамына барлық жауапты министрлік пен ведомство мамандарын, тәуелсіз сарапшылар мен кәсіпкерлерді шақырса, барлығы алқа құрып, ақыл қосса, артық болмас еді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<