Ата-бабамыздың аңсаған арманына қол жетіп, дербес мемлекетке айналғанымызға міне, 30 жыл болды. Осы орайда Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден де аса білдік. Мен еліміздің еңсесі биіктей беретінен сенемін»,– деген сөзі отыз жыл уақыттың текке кетпегенін байқатады.
Адам ғұмырымен өлшесек, 30 жыл бұрын дүниеге келген сәби бүгінде «орда бұзар» атпал азаматқа айналды. Ал, осы уақыт ішінде тәуелсіз мемлекетіміздің бағындырған белесі аз емес.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел іргесін бекітудегі экономикалық қиындықтарға қарамастан ел бірлігіне сызат түсірмей, мемлекетіміздің рәміздерін бекітіп, Ата заңын қабылдауы, ұлттық валютаны айналымға енгізуі секілді айтулы оқиғалар тәуелсіз қазақ елінің күнтізбесінде айшықталып, тарихқа айналды. Әрине, бұл мысал тәуелсіз мемлекеттің әлем елдерімен терезесі тең болу мақсатындағы атқарылған істердің бір үзігі ғана. Әйтпесе, тәуелсіз елдің тағы бір тарих парағына жазылған Семей ядролық-сынақ полигонының жабылуы туралы шешім, ҚБҰ-ға мүше болуы, ел астанасының Арқа төсіне көшірілуі секілді айтулы оқиғалар жүгін бір мақала көтере алмайды, тұтас бір эпопеяға арқау болар тарих тағылымы.
Жыл басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы арқылы тәуелсіздіктің 30 жылын қорытындылап, болашаққа бағдарды айқындап берді. Мемлекет басшысы мақалада: «Еліміз үшін алғашқы онжылдықта – Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі, екінші онжылдық – қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі, үшінші онжылдық – шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп мерейлі мемлекетке айналдық», – деп үш онжылдықтың табысын атап көрсетті.
Мерейлі жылда бүгінгі күнге дейінгі тарихымызға көз жүгіртіп, жеткен жетістігімізді, құндылықтарымызды бағалап, тәуелсіз еліміздің жаһандану сынына жауап беретіндей қуатты мемлекетке айналуына үлес қосу – ел азаматы ретінде әрқайсымыздың міндетіміз.
Әділбек ЕСҚАРАЕВ,
Қызылорда облысы бойынша
Қазынашылық департамент
басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкіл
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<