Тәуелсіздік – бір бақыт

1076

0

Қазір ұрпақтар сабақтас­тығы туралы көп айтылады. Біз аға ұрпақтың өкілі болып саналамыз, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткіздік. Ашаршылықтан кейін енді ес жиып, етек жидық дегенде соғыс деген суық сөз бұрқ ете қалды. Оның ауыртпалығын да сезініп өстік.  Қатарымыз қазір некен-саяқ. Бүгінгі ұрпақ – бақытты. Ел аман, жұрт тыныш дегендей, жас буынға біз көрген қиыншылықты көрмесе екен деп тілейміз.

Қазір 91 жастамын. Әкем Ысқақтың айтуы бойынша, қазіргі әуежай төңірегіндегі «Зіңкетер» деген жерде «Шолақарық» атауымен алғашқы кезде ТОЗ, яғни, серіктестік құрылып, соңынан колхозға айналды. Сол колхозда мектеп ашылды. Тарихтан мәлім, 1931-1933 жылдары бүкіл қазақ үшін нәубет кезеңі болды. Әкемнің айтуынша, 1933 жылы Сыр бойында үлкен аштық белең алды. Сол кезең алдында республика астанасы Алматыға көшіп, Қызылорда аудан орталығы болып қалған. 1933 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Садық Сапарбеков халықты аштықтан құтқару мақсатында көп іс тындырған көрінеді. Атап айтқанда, Сырдария өзенінен Жетікөлге бірнеше шақырым канал қазуға шешім қабылдайды. Каналды халық қолдан қазды. Сөйтіп егін шар­уашылығымен айналысады.

Ысқақ әкемнің айтуынша, сол ауыр жылдары ауылға Сапарбековпен бірге «Ленин туы» газетінің редакторы Қайыпназар Қауынбаев  келеді. Әкемнің диқангершілік, мұраптық қасиетін ескеріп, елмен қауышады. Әкем оларды сыйлап, құрмет көрсетіп, дастархан жаяды. Қонақасынан соң ГПУ-дың адамдары келіп, Қауынбаев пен Сапарбек­овті тұтқындайды. Осылайша бірі Алматыда, екіншісі Қызылорда қаласының төңірегінде атылады. Қайғылы тарихи оқиғаларды әкемнен естігенде халықтың басына түскен нәубет қаншалықты ауыр болғанына қанығасың. Осы оқиғаларды мен еміс-еміс білемін. Себебі 8 жастағы бала едім.

Аштықты жеңу оңай болған жоқ. Ел балық аулаумен айналысты. Көлде жылым тарту үшін тиісті көліктер қажет болды. Түйе сатып алу үшін Ерғали Сексенбаев, Орынбай Қылышбаев есімді азаматтар Түркіменстанға жіберіліп, олар 20 түйе сатып алып, вагон жалдап дегендей Қызылордаға жетті. Осылайша ел аштықтан кейін ес жинай бастады. Соғыс­тан кейін майда ұжымдар бірігіп, Ленин атындағы колхозға айналды. Оны көп жыл Пірман Жарқынбеков басқарды. Осылардың негізінде кейін Аманкелді атындағы совхоз құрылды. Әлі есімде, Әбжан Балқадыров түйе санын 500-ге жеткізді. Кешегі Кеңес үкіметі құлаған кезде сол түйеден тұяқ қалмады деуге болады. Осындай да заманды бастан өткердік.

1950 жылы Сырдария ауданындағы «Қызыл Ту» орта мектебін бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне түстім. Аудандағы орта мектепте мұғалім, партия ұйымының хатшысы, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы қыз­меттерін атқардым. Партия­ның жолдамасымен  Павлодар облысында тың игеру жұмыстарына қатыс­тым. Елге оралып, ұзақ уақыт білім ошақтарында басшылық қызмет атқардым. Жұбайым Аманкүлмен бірге тоғыз бала тәрбиелеп, өсірдік. Сол педагогикалық институтта бірге оқыған, аралас болған дос­тарыммен (бүгінде марқұм) қазақтың белгілі ақыны Сағи Жиенбаев, Әлен Ақсақалов­пен кешегі күнге дейін араласып тұрдық. Өмір деген ғажайып құбылыс. Студенттік кездегі біздің достығымыз айрықша құрмет тұтуға ла­йық еді. Жатақханада жатамыз. Кейде ­Қызылордадағы Әлен досымның үйінде боламын. Шешесі Балайымның, зайыбы Мәриямның дастарханынан талай дәм таттым. Олар қазіргі Жарқынбаев, бұрынғы ­Некрасов атындағы көшеде тұрушы еді.

Біздің жастық, студенттік шағымыз Кеңес заманының өрлеу тұсына тап келді. Ал біздің ұрпағымыз Қазақстанның тәуелсіздік дәуірінде өмір сүруде. Бүгінгі өмірге қарап, тәуелсіздікті қазаққа бұйырған бір бақыт деп бағалаймын.

Бәкір ЫСҚАҚОВ,

халық ағарту

ісінің үздігі,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<