Тәуелсіздік халықтың ұзақ жылдар күткен қуанышы

3326

0

Еліміз тәуелсіздік алған кездері Қазақстан халқы үлкен қуанышқа бөленді. Жұртшылықтың көл-көсір қуанышы баспасөз беттерінде көрініс тапты. Алаш баласы аңсап күткен азаттық жөнінде сүйінші хабарды жеткізген басылымдар қатарында Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті де бар. Сол жылдарда облыстық газетте қызмет атқарған ардагер-журналист Жолдасбек Ақсақалов тәуелсіздік алған кезеңдегі әріптестерінің қуанышы, егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар жөнінде баяндап берді.

– Жолдасбек аға, сол жылдарда елдің көңіл-күйі қалай болды? Облыстық газеттің қызметкері ретінде қандай жағдайларды аңғарған едіңіз?

– Әлі есімде, 1991 жылдың қараша айында одақтық газетттің бірінде «Жаңа жылдан Ресей федерациясы (ол кезде кеңестік республика деп аталатын) нарыққа көшеді» деген шағын мақала жарияланды. Азды-көпті түсінігіміз бар, экономиканың бұл атауы капиталистік қоғамға ғана тән болатынын білетінмін.

Бірақ қалың жұртшылық санасы оны қабылдамады. Бір қоғамның екінші қоғамға алмасуы ауыртпалықтарды, қиыншылықтарды, қарама-қайшылықтарды ала келетінін түсіндірудің қиындығын айтсаңызшы.

Жуырда сол жылдардың газет сандарын парақтадым. Сол кездің заман оқиғаларын көз алдыңа әкеледі. Нарықтың алғашқы жылы, әсіресе, ауыл шаруашылығына ауыр соққы тиді.

Салаға еркін бағаның енгізілуін қалың жұртшылық қабылдай алмады. Бірақ осының барлығы қабылдамауға болмайтын өзгерістердің алғашқы белгілері еді.

– 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғанында облыстық газетте қандай мақалалар жарияланды?

– «Сыр бойы» газетінде сол жылдың 18 желтоқсанында «Қазақстан енді тәуелсіз мемлекет болды» деген шағын ақпарат жарияланды. Ол жүрекке жағымды, халқымыздың ұзақ жылдар бойы күткен қуанышы еді.

Рас, жетпіс жылдан астам кеңестік кезеңде өмір сүрген жұртшылық көкейінде «ертеңгі күніміз қалай болады» деген сан сауал бар болатын.

Сол жылдарда облыстық газет өзінің байырғы атауына қол жеткізді. 1991 жылдың қыркүйек айында басылым «Сыр бойы» атауымен жаңа нөмірлерді жарыққа шығара бастады.

Оған дейін газет 1938 жылдан бері «Ленин жолы» деген атаумен оқырман қолына жол тартып келген еді.

– Байырғы басылым беттерінде парақтасақ, сол жылдарда белгілі азаматтардың аталған кезеңдегі кейбір қиындықтарды жеңуге байланысты ой-пікірлері кеңінен жарияланған екен. Солардың арасында есте қалғаны бар ма?

– 1992 жылдың қаңтар айында газет тілшісі облыстық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы Мақсұт Әбдіразақовпен сұхбат жариялады. Сол сұхбатта бірлестік төрағасы Қызылорданың ет комбинатында 700 тонна ет қорданалып қалғанын, оның сұраныс таппай жатқанын мәлімдеді. Неліктен осылай болды?

Осыдан бар болғаны алты ай бұрын дүкен сөрелерінен табылмайтын өнім енді тұтынушысын таппай жатыр. Бұл сауалдың астарын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Уақыт өзгерді. Енді бұрын мемлекеттің шектеулі бағасымен сатылып келген ет тұтынушыға еркін, яғни, нарықтық бағамен сатылады.

1992 жылы тұтыну нарығында өте қауырт жағдай қалыптасты. Жылдар бойы ет комбинатына малын сойысқа өткізіп келген шаруашылықтар жаңа жылдан бастап еркін баға ұсынды. Бірақ сол еркін бағамен өнімді сатып алуға халық дайын болмай шықты.

Қарама-қайшылықтың сыры мынада еді. Шектеулі мемлекет бағасына үйренген халықтың қолында еркін бағамен өнім сатып алатындай жағдай болған жоқ. Дұрысы, олардың қалтасы көтермейтін.

Иә, жоспарлы экономикадан нарыққа өткен ауыр жылы ел осындай қиындыққа душар болды. Көптеген шаруашылықтар тарады. Жекешелендірілді. Міне, солардың ауыр бастамасы 1993 жылдан басталғанын атап өткіміз келеді.

Газет сол уақытта қиын заманның өтпелі кезеңін жиі жазды. Бірақ мақалалардың көпшілігінде нарық заманының күрделілігін сипаттау кемшін болғанын атап өткіміз келеді.

– Нарықтық экономика заңдылығына халық бірден үйреніп кете алған жоқ дейсіз ғой. Бұл орайда белгілі мамандар қандай ой-пікірін айтты?

– Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, соғыс және еңбек ардагері Бименді Баймаханов редакцияға жиі келуші еді. Бір келгенінде «Бюджет қалай қалыптасуда?» деген мақаласын әкеліп тапсырды. Өткір сынға құрылған мақала 1992 жылғы 14 наурызда жарияланды. «Абылайдан бастап аруақ жағалап, еске алып жатқан ата-бабадан бізге артылғаны – жер. Бұл – аса байлық. Сол ата-бабалардың қанымен қорғалған байлықты аздырмай-тоздырмай келешек ұрпаққа жеткізу – қазіргі қазақ ұлтының парызы. 

Осыны аздырып-тоздырып, тапқан пайда, жинаған абырой – келешек ұрпаққа қиянат әрі қорлау болмақ» дейді қаржыгер-ардагер.

Қаржыгер маман сол жылдардағы бюджеттің жағдайынан мәлімет береді. «Салықтың түрін көбейткенше халыққа шындықты ашық айтып, 95 млрд (республиканың 1992 жылғы бюджеті) сомдық бюджетті 50-60 млрд сомға дейін қысқарту шараларын неге белгілемейміз? Ол үшін өнімсіз шығынға, ысырапқа қатаң тосқауыл қойып, қаржы тәртібін нығайту керек.

Өндіріс, сауда орындарының шамадан тыс баға өсіруіне қатаң тыйым салып, сауданы, бағаны бетімен жіберуді тез арада тоқтату керек деді ол.

«Шикізатты, етті, майды, астықты бұрынғы Одақ тегін алып келді деп, қақсағанымызға бірнеше жыл болды. Байлық жеткілікті. Бұрынғы Одақ халқы санының 6 процентін құрайтын Қазақстан – хромиттің 90, барлық түсті металдардың 50 процентін, ауылшаруашылық өнімдерінің төрттен бірін бере отырып, шет елдермен (ТМД-ны қосқанда) сауда-саттық көлемі қазіргі ағаш ақшаның өзімен неге теріс баланс (6 млрд сом) береді? Бұрын айтылып жүргеніндей, Қазақстан өзі дүниежүзілік бағамен түсті металды сатса, 40-50 млрд доллар, мұнай, көмір, темірден 20 млрд доллар, ауыл шаруашылығы өнімдерінен 5-10 млрд доллар табар еді дегеннің бәрі бос сөз болғаны ма?» дейді автор тағы да.

– Одан кейінгі жылдарда халықтың жаңа экономика заңдылығына бейімделіп кетуі қалай болды?

– Cол бір елең-алаң уақыт ел өміріндегі ауыр кезең еді. Бірақ жоспарлы жүйенің шекпенінен шығып, әлеуметтік ортада тәрбиеленген кеңестік психология олардың төзімін тауысты. Қолдарына қалам алғызып, батыл ой айтуға итермеледі. Бірақ ескінің жаңамен күресі қай дәуірде оңай болыпты?! Менің пайымдауымша, осы қарсыласу кейінгі 15-20 жылға дейін созылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол уақыттың сипатына тән төтенше оқиғалар болды. Солардың бірі Сексеуіл локомотив депосына қатысты жағдай еді. Пикеттер ұйымдастырды. Теміржол қозғалысын тоқтатамыз деген талаптары болды.

1993 жылдың 21 қыркүйегінде газетте жарияланған «Сексеуілде не болды?» атты мақалада егжей-тегжейлі баяндалды. Осындай оқиғалар сол уақыттың сипатына тән болатын.

Сонымен бірге Қызылорда қаласындағы такси паркінде болған ұжымдық текетірес газет назарынан тыс қалмады. Жалпы алғанда, 1992-1993 жылдардағы кезеңде осы тақылеттес оқиғалар жиі орын алды.

1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан Президентінің жарлығымен Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге өмірге енді. Осыған орай, үкімет өз қаулысымен тұтыну тауарлары мен халыққа көрсетілетін қызмет түрлерінің бағалары мен тарифтеріне шектеу енгізді.

Теңгенің енгізілуі Қазақстан тәуелсіздігінің айшықты символына айналды. Еліміз саяси жағынан тұғырын бекемдеп алды. Алайда 1993 жыл біз үшін алаңдаушылығы басым, сындарлы сәтінен күдігі мол кезең ретінде есте қалды.

– Әңгімеңізге рақмет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<