«Тәуелсіздік – мәңгілік елдің ұлы тарихы»

798

0

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай  облыстық мемлекеттік архиві және облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің ұлы тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Жиынның мақсаты – мемлекет тәуелсіздігінің мәнін терең түсіндіру, осы жолдағы аға ұрпақтың ерлігін жастарға үлгі ету. Еліміздің өткені мен бүгінін сабақтастырып, тарихымыздың тағылымын жас ұрпақтың бойына сіңіріп, рухани, адамгершілік құндылықтарын дамытуға бағытталды.

Мерекелік жиынды облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов ашып, қатысушыларды тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Тарихи маңызы зор мереке аясында осы жолда құрбан болған қазақ жастарының рухына тағзым етіп, олардың өшпес ерлігін, отаншыл рухын, ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін бүгінгі  ұрпаққа барынша насихаттау қажеттігін айтты.

Тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының басшысы Нұрлыбек Мыңжас мемлекет пен қоғамның басты ұстанымы тәуелсіздік екенін, қазақ болмысын айқындайтын рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөліп, ұлт тарихын, ұлттық сананы қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ал облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Жанат Алтынбаева «Сыр өңірі тәуелсіздік жылдарында», Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихы архиві филиалының басшысы Дәрігүл Құттықожаева «Тәуелсіздік – жасампаздықтың жаңа тарихы» тақырыбында баяндама жасады.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі, ақын Ғазиза Әбілда тәуелсіздік ұғымының түп-төркіні ұлттық тәрбиемен ұштасып жатқанын айтып, тақырыпқа сай толғанысын өлең арқылы жеткізді. Тарих ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» БАҰО» облыс бойынша кәсіби даму институты директорының орынбасары С.Серікбаев  тәуелсіздік жылдарындағы білім саласының дамуы, сондай-ақ, бүгінге дейін Білім туралы заңға енгізілген өзгерістер мен жаңашыл бастамаларға тоқталып, жас ұрпақты еліміздің ұлы тарихын терең біліп, аға ұрпақтың қаһармандық өмір жолына құрметпен қарауға шақырды.

Келелі басқосуда Тәуелсіздік мерекесінің мән-маңызы, еліміздің басты жетістіктері, қоғамда тұрақтылықты сақтауға бағытталған мәселелер талқыланып, өзара пікір алмасуға ұласты.  Сонымен қатар, жиынға қатысушылар архив қоры құжаттарынан дайындалған «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» атты бейнетаныстырылым және «Тәуелсіз елдің тарихи шежіресі» тақырыбындағы көрмемен танысып, қор сақтау қоймаларына экскурсия жасады.

       «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<