«Тәуелсіздік қырандары» – ерекше туынды

2368

0

Кеше Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық үйінде жазушы Нұрлыбек Сафин мен отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағанбетовтың авторлығымен жарық көрген «Тәуелсіздік қырандары» атты деректі-детективті көркем әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті.

Кітапта Қызылорда облысы аумағында тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары қоғамдық толқыныс тудырған ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу кезіндегі полиция қызметкерлерінің жанқиярлық ерлігі туралы айтылған. Ерекшелігі сонда, деректі оқиғалар детективті көркем шығарма желісінде жазылған. Сол себепті оқырманды бірден баурап алады.

Жиында жаңа туындының авторлары кітаптың мазмұнынан хабардар етіп, оны жазудағы түпкі мақсат төңірегінде сөз қозғады.

  – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрынғы кеңестік кезең заңдарының күші жойылды. Елімізде құқық қорғау саласы бойынша жаңа заңдар әлі қабылданбаған. Алайда өңірде қарақшылық қылмыс өршіп тұр. Осындай қиын шақта полиция қызметкерлерінің қылмысты ашуы, кінәлілерді тауып, жауапқа тартуы оңай болған жоқ. Тіпті ол уақытта ішкі істер саласының материалдық жағдайы да сын көтермейтін. Дегенмен, өз қызметіне адал азаматтар  сол қылмыстық оқиғалардың бел ортасында жүріп, жанкешті еңбек етті. Осы жолда жарақат алғандар мен құрбан болғандар да бар. Кітапта соның бәрі шынайы бейнеленген.

Бұл кітап полиция саласында қызмет атқарып жүрген азаматтар үшін әдістемелік құрал десек болады. Ең бастысы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына лайықты тарту деп ойлаймын, – деді Әмірбек Шаймағанбетов.

Жазушы Нұрлыбек Саматұлы қылмыстық оқиғалар желісімен кітап жазу Әмірбек Бердібекұлының идеясы екенін, бір жылдан аса бірлесіп атқарған еңбектің нәтижесінде «Тәуелсіздік қырандары» деп аталатын деректі-детективті көркем әңгімелер жинағы оқырманға жол тартқанын айтты. Ал, кітаптың шығуына демеушілік жасаған «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев.

Облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбаев кітапта баяндалған оқиғалардың етене таныс екенін, ондағы кейбір қылмыстық оқиғаларды ашуда өзінің де атсалысқанын айтады.

Ал, облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Шамшадин Әмитов бұл кітап Отанымыздың тыныштығы мен халқымыздың қауіпсіздігін сақтауда полиция қызметкерлерінің айбынын асырып, абыройын биіктететін туынды деген пікірін білдірді.

– Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы тек әдебиет, өнер тұрғысында емес, біздің ішкі істер саласы өкілдерінің  бұған қосатын үлесі – халыққа жақын болу, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қылмыстарды дер кезінде ашу. Сондықтан осынау қиын да жауапты қызметті таңдаған жас мамандар үшін бұл кітаптың тағылымдық мәні зор, – деді Ш.Әмитов.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев, «Сыр бойы» облыстық газетінің бөлім басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы әдебиеттің ерекше бір жанры – детектив жанрында жазылған шығармалардың шынайылығы, әрбір оқиға кезіндегі полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекеті оқырманды ойландырып, халықтың оларға деген сенімін нығайта түсетінін айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<