Тәуелсіздік тірегі – ел бірлігі

1137

0

Сарғайған тарих парақтарына жүгінер болсақ, ата-бабаларымыз ел тәуелсіздігін жариялау жолында жан пида етіп, ерлік пен еңбек жолымен жаза баспай жүрген. Сонау заманда Кенесары мен Абылай ханның, Қасым хан мен Есім ханның, Керей мен Жәнібек, тағы да басқа ондаған  батырлардың жүрегі «елім» деп соққан. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама болған зұлмат жылдары қайран қазағым талай-талай тауқымет шексе де, ертеңгі күнге үмітпен қарады. Жерін жауға, елін дауға бермеді. Ел  тағдыры үшін өмірін найзаның ұшы мен қылыштың жүзіне байлап ғұмыр кешкен.

Ата-бабаларымыздың осы бір сан ғасырлық арман-тілегі – еліміз тәуелсіз ел ретінде танылып, ұлы күн, ұлық мерекесі келді. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Тәуелсіз еліміздің декларациясы, Конституциясы, Туы, Елтаңбасы, Әнұранының қабылдануы қазақ халқының бақыты болды. Қабылданған декларация Қазақстан Тәуелсіздігінің іргетасы саналады. Декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді.

Қазақ халқының өткен тарихы Тәуелсіздік алған соң жаңа тарихымен ұштасып, ұлтымыздың кемел болашағына жарқын жол салынды. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын шуақты да жайлы жылдар деп айтуға әсте болмайды. Ел тәуелсіздігін алғанда бөркімізді аспанға атсақ та баянды ету, яғни нығайту бағытында атқарылар шаруа шашетектен екенін түсіндік. Елімізде көптеген өндіріс орындары мен кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатып, жұмыссыздық мейлінше белең алды. Содан да азаматтар жұмысты тастап, күнкөріс қамы үшін базар жағалап кеткені де жасырын емес. Тіпті туған топырағынан табанын көтеріп, басқа елді паналағандар да болды. Елдің асыраушысы – іргелі шаруашылықтар таратылып, жекешелендіре бастады.

– Осылайша жаңа заман басталды, бізге тылсым дүние, өмір жаңа бағытқа бет алды. Қазақстанның егемендігін бірінші болып бауырлас Түркия мемлекеті қолдап, танығаны тарихтан белгілі. Содан кейін әлемнің өзге де мемлекетттері бірінен соң бірі мойындай бастаған-ды. Енді тәуелсіз ел ретінде әлемнің жетекші, ықпалды мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуды жедел қолға алып, дербес сыртқы саясатты анықтап жүргізу, жолға қою міндеті тұрды, – деп жазады мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адырбеков «Елшінің жазбасынан» кітабында.

Айтса айтқандай, ел-халқымыз тәуелсіздіктің еңсесін тіктеуге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлікпен құлшына кірісті. Сол кезде елімізде қолда бар экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерді мейлінше пайдалана отырып, дағдарыс кезеңінен неғұрлым аз шығынмен өтуге, орнықтылықтан ауытқымауға зор мән берілді. Нәтижесінде тәуелсіздік туы жоғарылап, еліміз еңсесін тіктей бастады.

Тәуелсіздік алғалы отыз жылдан астам уақыт ұшқан құстай зымырап өте шығыпты. Атқарылған жұмыстардың ең бастыларын саралап айтар болсам, ядролық қару жойылып, елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Семей ядролық полигоны жабылды. Ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынды. Бүгінде Астанаға жеткізіліп, ел тұрғындары  «көгілдір отын» игілігіне кенеліп отыр. Қалалар көріктеніп, ауылдар мейлінше ажарлана түсті. Егін шаруашылығы еңсесін тіктесе, атакәсібіміз – мал шаруашылығы да молшылыққа бастады. Бүгінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен шағын және орта кәсіпкерлікке барынша қолдау жасалып, жұмыссыздық азайып, ел-халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсара түсті.

Сөз орайы келгенде, алты Алаштың анасы атанған Сыр елінде атқарылған ауқымды істерді де айта кетпесе болмас. Өздеріңізге мәлім, 1992 жылдың 30 маусымында «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңы қабылданды. Ал 1993 жылдың 26 наурызында Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, Аралды сақтап қалу мақсатында «Ғасыр жобасы» өмірге келді. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау (САРАТС) жобасы» жасалды. Осыған байланысты бүгінде Арал теңізіне 20-дан астам балық түрі қайта келіп, жылына 9 мың тоннаға жуық балық ауланып, еліміз аумағына ғана емес, шет елдерге де жөнелтілуде.

Президент қолдауымен Сыр аймағында заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салу ісі барынша қарқын алып, кейінгі уақытта экономиканың барлық көрсеткіштерінде жоғарылау бар. Нақтылай айтар болсақ, өңдеу өнеркәсібінде өнім өндірісі бүгінде 8,5 пайызға ұлғайса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 71 пайызға өскен. Жұмыс жасап отырған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 29,5 пайызға артқан. Он жылдан бері әңгіме болып келген шыны зауыты іске қосылды. Бүгінде шыны өнімдері Алматы, Астана, Шымкент қалаларына да жөнелтілуде. Мұндай үлкен жоба Президенттің тікелей қолдауымен жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн.

Сыр өңірі – негізінен аграрлы аймақ. Оның ішінде басты дақылымыз – күріш. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары күріш егістігі су тапшылығына байланысты шектелген-ді. Десе де, алдағы жылдары күріш егістігінің көлемін азайтуға тоқтам жасалмақ. Бұл жайында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: «Күріштің көлемін енді қысқартпаймыз. Бұл – халықтың негізгі күнкөріс көзі. Оған қоса күріш көлемін азайтсақ, жеріміз де тұзданып кетеді. Оны барлық ел біледі. Содан да суды барынша үнемдеп, күріштің көлемін азайтпаймыз» деді.

Орайы келгенде айта кетейін, Президент өңір әкімдеріне инвестиция тартуды тапсырған болатын, яғни, Жолдауда «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсақ, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет» деген-ді. Осыған орай аймақта жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Өткен жылдарды айтпағанның өзінде биыл облысқа 373 млрд теңге инвестиция тарту межесі  бекітіліп отыр.

Сыр елі халқының әл-ауқатын көтеруде де игілікті істер атқарылды. Жұмыспен қамту бағытында Президенттің 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру бойынша тапсырмасы аймақта 2 есе артық орындалуда.

Бүгінде 28 мыңнан астам жұмыс орны жаңадан құрылса, оның 14 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Сондай-ақ тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу ерекше қарқын алған. Оларды түгендеп шығу әсте мүмкін емес. Өңірде жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен 12 млрд теңгеге жаңадан әуежай терминалы салынбақ. Сондай-ақ, «Саутс Ойл» компаниясының қолдауымен 7 мың орындық стадион, бюджет есебінен келесі жылы Неке сарайы, Өнер орталығы секілді ондаған жаңа нысан шаңырақ көтермек. Демек, тәуелсіздік тірегін тіктеуде ел бірлігі сақталып, аймақ алдағы жылдары айшықтана бермек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіздік  бәрінен де қымбат екеніне баса мән беріп, оны даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасатпен, біліммен, еңбекпен қорғау қажеттігін, еліміздің біртұтастығы реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі екенін айтты. Осыған байланысты, жоғарыда айтқандай, мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адырбеков Сыр аймағына іссапармен келіп, тұрғындармен ашық әңгімелесіп, Тәуелсіздіктің тірегі – ел-халықтың бірлігі екенін баса айтқан болатын. Осы кездесулерінде И.Адырбеков Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының бағыт-бағдары айқындалып, экономикалық мәселелерді шешу және салалар арасындағы тиімді тетіктерді құру үшін жаңа экономикалық қағидалар ұсынылғанын жұртшылық назарына салды. Мәселен,  кәсіпкерлік бастаманы мейлінше ынталандыру, экономикаға шектен тыс араласудан бас тарту. Бұл мемлекеттің экономикаға араласуын азайтудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондай-ақ, бәсекелестікті дамыту, яғни барлығына тең мүмкіндіктер беру аса қажет. Осы орайда баса назар аударатын мәселе жұмыс жасап тұрған  бизнесті кеңейтуге немесе кәсіпкерлікте жаңа бағыттарды ашуға бірдей мүмкіндіктер болған кезде қуатты экономика қалыптасады. Жолдауда мұнан да басқа ауқымды істерге баса назар аударылуы қажеттігі айтылған. Нақты тапсырмалардың жүзеге асуына халық, қоғам болып араласуымыз қажет. Барлығын Президентке, Үкіметке жауып отыра берсек, біз әділетті қоғам құра алмаймыз.

Қызылорда облысына басшылыққа тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының Жолдауына байланысты жақсы жаңалықтар мен тың өзгерістерді ала келді. Әсіресе, белең алған сыбайластыққа қарсы күрес, ел-халықтың арыз-шағымдары мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оның орындалуына назар аудара бастады. Осыған қатысты бір ғана деректі келтірмекпін.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев бүгінде аймақтың барлық елді мекендеріне барып, жұртшылықтың ұсыныстарын, арыз-шағымдарын тыңдап қана қоймай, сол сәтте шешуге ықпал етуде. Сол үшін өзімен бірге құқық қорғау органдары (сот, прокуратура, ішкі істер бөлімі, ұлттық қауіпсіздік комитеті) басшылары мен қызметкерлерін апарып, тұрғындар талаптарының жедел шешілуіне қол жеткізіп отыр. Облыс әкімінің бұрын-соңды болмаған осы игілікті ісін Сыр елі халқы қуана құптады. Әділдік күнбе-күн, жылма-жыл болуы мүмкін, бір күнде әділеттілікті орнату мүмкін емес. Менің ойымша, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бұл бастамасы құптарлық.

– Биылғы жылы өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет, әрі қастерлі парыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өзінің бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын барынша жақсартуға баса назар аударылатынын айтты. Ерекше мән берілуі тиіс бірқатар мәселелерге айрықша көңіл бөлуді ескерткен болатын. Жасыратыны жоқ, елімізде сыбайлас жемқорлық, жастар мәселесі, ауыл ахуалы, халықтың тұрмыстық жағдайы, тағы басқа күрмеуі қиын мәселелер өз шешімін таппай келе жатқан-ды. Мемлекет басшысы батыл қадамдармен басты-басты толғақты жайларды тез арада шешуге баса назар аударып отыр.

Жуырда Алматы қаласында «Тағзым» мемориалы ашылды.  Осы игілікті іс үшін жұртшылықтың Мемлекет басшысына айтар алғысы шексіз.

Президент алдағы уақытта тәуелсіз еліміз бойын тіктеп, демократиялы ел болатынына нық сеніммен қарайды. Ол үшін сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу, жұмыссыздықты жою, ауыл ахуалын жақсарту, әділ сайлау өткізу, сыртқы саясатты мейлінше қалыптастыру, тұрмыс-тіршілікті жақсартуға баса мән берілуі тиіс. Бұл талаптарды орындау қазақстандық әрбір адамның азаматтық парызы болуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев  жуырда Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, азық-түлік бағасын реттеуге, сыбайлас жемқорлықпен күреске, ұлттық жобалардың орындалуына, кадрлық өзгерістер жасауға, билік басындағылар бюрократиядан арылуға, тағы басқа толғақты жайларға кеңінен тоқталды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Тәуелсіз еліміздің алдағы жылдары мұнан да биік асуларға шығуы үшін еңсемізді тіктеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп еңбек етуге тиіспіз. Тәуелсіздік тірегі – ел бірлігінде. Атам қазақ: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаса керек. Демек, осы қағиданы берік ұстанып, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын баянды етейік, ағайын.

Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,

техника ғылымдарының докторы,

Қызылорда қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<