Тәуелсіздік тойына тарту болмақ

888

0

«…Өңірлер 2021 жылы Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 139 жобаны іске қосып, 12,7 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Қараша айындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 83 жоба пайдалануға беріліп, 9 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылды. Қызылорда облысында желтоқсан айында табақ шыны өндіретін зауытты техникалық іске қосу жоспарлануда. Өнімділігі – жылына 197,1 мың тонна шыны».

Бұл – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың өткен аптада Үкімет отырысында айтқан хабарламасы. Сонымен Қызылордада шыны зауытының техникалық іске қосылатын кезі де келіп жеткен сыңайлы.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: «Шыны зауыты – бұл облыс үшін стратегиялық маңызды жобалардың бірі. Сондықтан жобаны іске асыру менің жеке бақылауымда.

Құрылыс алаңына үнемі барып тұрамын, зауыттың басшыларымен бірге туындаған мәселелерді шешудеміз. Біз өз тарапымыздан зауыт үшін инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша барлық жұмыстарды орындадық. Енді қалғаны – балқыту ваннасы мен күйдіру пешінің жабдығын монтаждау жұмыстары» деп осыдан біршама уақыт бұрын айтқан болатын. Бұған қоса 18 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәслихатында: «…Қазір жұмыстар 95 процентке бітті. Ең маңыздысы, ванна мен пеш құрылысы болатын. Бұл жұмыстар кейінгі 3-4 ай көлемінде жүргізіліп, аяқталды» деп мәлімдеген еді облыс әкімі.

Шыны зауытының құрылысы басталғанда қызылордалықтар жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары, қазынаға түсер қосымша қаржы секілді игіліктерге қол жеткіземіз деп үміт артқаны рас. Алайда нарықтық құбылыстардың әсері бар, мердігерлер арасындағы келіспеушілігі бар, өзге себептер бар іске қосылуы  созылып кетті.

Гүлшара Әбдіқалықова облысқа басшы болып келген сәттен осы айтулы нысанның құрылысы қайта жандануы үшін қолдан келетін шаралардың бәрін жасады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін жұмылдыра отырып, зауыт құрылысының бас мердігері – қытайлық «Чайна Триумф Интернешнл Инжиниринг» трансұлттық компаниясы басшылығымен зауыт құрылысын аяқтау туралы ортақ келісімге келді. Жалпы алғанда, зауыттың құрылыс жұмыстары 80,2% орындалған еді. Негізгі жұмыс – балқыту ваннасы мен күйдіру пешін орнату. Елімізде бұл қондырғыларды орнататын мамандардың жоқтығынан шетелдіктерге мұқтаж болдық. Осы келісімнің орындалуына коронавирус індеті кедергісін тигізді. Шекаралар жабылып, шетелдік мамандар елімізге кіре алмай қалды. Осылайша зауыт құрылысы кешеуілдей берді, іркіліс тағы созылды.

Аймақ басшысы тиісті министрліктер арқылы шетелдік мамандардың зауыт құрылысына жетуіне мүмкіндік туғызды. Осылайша жаз айларында зауыттың күйдіру пеші мен балқыту ваннасын құрастыру жұмыстары басталды.

Жалпы шыны зауытының экономикалық маңызы зор. Есептеулер бойынша елімізге жылына миллиондаған доллар тұратын шыны сырттан келеді екен. Егер өз зауытымызды өндіріске қосатын болсақ, сол қаржы өзімізде қалады. Одан басқа, егер сыртқа сатсақ, тағы да кіріс кіргелі тұр. Өйткені, шынының бұл түріне сұраныс көп. Сондай-ақ кәсіпорын шыны кластерінің дамуына қозғау салады. Зауыт айналасында шыны талшығы, айна, шыныдан ыдыс жасайтын ілеспе өндірістер ашу жоспары бар.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында зауытты іске қосу жоспарланған.  Өндіріс басында жүрген облыстық индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевпен хабарласып, пешті іске қосуға соңғы дайындықтар жүріп жатқанын білдік.   Ал зауыт орналасқан индустриялық аймақтағы облыс тарапынан атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы дерлік орындалған. Сыртқы инфрақұрылымдық желілер – газ құбыры, ауызсу, электр энергиясы, байланыс жүйелері жеткізіліп, автокөлік жолы, темір жол салынған.

Бұл Тәуелсіздік тойына үлкен тарту болмақ. Технологиялық талап бойынша алғашқы өнім жарты жылға жуық уақыт өткенде шығарыла бастайды.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<