Тәуелсіздік ұрпақтары грантының жеңімпаздары

588

0

Жақында Астана қаласында екінші мәрте ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастарға арналған грантты жерлесіміз Дина Жанұзақова жеңіп алды.

Осыған орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Талғат Тілес аталмыш гранттың өткізілу барысын баяндады.

– Ел Президенті Қ.К.Тоқаев 2021 жылы жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін атап өткен болатын. Биыл Елорда төрінде екінші рет өткізілген байқау 5 бағыт бойынша жаңа идеяларды іріктеді. Атап айтқанда, «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа». Іріктеуден өткен үздік 33 жобаның жеңімпаздарына 3 млн.теңге көлемінде грант берілді. Солардың ішінде қызылордалық Дина Жанұзақова ерекше әрі тың жобасын таныстырып, үздіктер қатарынан көрінді, – деді Талғат Оспанұлы.

Сыр өңірінің тумасы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Дина Жанұзақова еліміздегі тарихи өлкелерді ерекше мазмұнда көпшілікке таныстыруды мақсат еткен. Оның айтуынша, киелі мекендерді анимациялық жүйе арқылы көркемдеп, қызықтырса ішкі туризмді дамытуға оң әсер етпек.

– Мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына қатысып, грант жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Еліміздің әр аймағынан келген жас өрендер өздерінің креативті идеяларын жүзеге асыруға талпыныстары ерекше болды. Менің жобамның негізгі мақсаты – тың технологияларды пайдалана отырып, еліміздегі мәдени мұралар мен тарихи жерлерді смартфондар мен әлеуметтік желілерде көрсету арқылы көпшілікке таныстыру болып табылады. Осы идеям байқауда қолдауға ие болды. Енді бір жыл ішінде команда жасақтап, мақсатымды жүзеге асыратын боламын, – деді Дина Әділбекқызы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<