«Тәуелсіздік ұрпақтары»: Жастарға 3 млн теңгеден 30 грант

443

0

Биылдан бастап заңға өзгеріс енгізілуіне байланысты «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 14 жастан 35 жасқа дейінгі жас азаматтар үміткер бола алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес хабарлады.

Директордың айтуынша, конкурстық өтінімдерді қабылдау 26 қыркүйекте басталған, 26 қарашаға дейін созылады. Грант 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және медиа бағыттары бойынша табысталуда. Мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа және қазіргі кездегі бастамаларды мемлекеттік қолдау.

– Конкурстық өтінімдерді орталық атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, тиісті сала мамандары мен сарапшылардан құралған арнайы комиссия бағалайды. Оның қорытындысы бойынша жыл соңына дейін 30 жас азаматқа 3 млн теңге мөлшерінде грант беру жоспарлануда. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын пайдалану мерзімі – бір жыл, – деді Т.Тілес.

ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын 2029 жылға дейін беру жоспарланған. Конкурс туралы толық ақпарат ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланған.

Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының басшысы тағы бір мүмкіндік – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына да құжат қабылдау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сыйлық ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ұсынылады.

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Креативті бастамалар», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.

– Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен 35 жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады, – деді ол.

«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды ұсынуды мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктердің өкілдері жүргiзедi. Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады. Жыл сайын сыйлық Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында беріледі.

«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 320-дан астам азамат иеленген. Конкурсқа құжаттар 20 қарашаға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінде қағаз нұсқада Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 10, «Министрліктер үйі» ғимаратында қабылданады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<