Биыл, күллі Алаш жұртына ортақ тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толып отыр. Сыр өңірінде туып, ұлт қамы үшін қызмет еткен қайраткердің бұл мерейтойы жер-жерде сән-салтанатымен аталып өтуде. Кеше туған жері Жалағаш ауданындағы тұлғаның өз атымен аталатын ауылда дүбірлі той өтті. Ақындар жыр толғап, балуандар белдесті. Жиырмадан астам киіз үй тігіліп, ән-жырдан шашу шашылды. Жерлестері Сыр топырағында туған ұлын ұлықтап, өз заманының озық перзентіне арнап саябақ ашты. Арнайы ескерткіш-бюст те орнатты.
Жаңа саябақтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, аудан жұртшылығын Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ тарихи тұлғаны ұрпаққа үлгі ету жолындағы айтулы шараның өтуіне атсалысқан азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Мерейтойлық шара түйе палуандардың белдесуімен жалғасты. Қазақ күресінен өткен тартысқа Сыр өңірінен бөлек, Түркістан, Жамбыл облыстарынан және Шымкент, Тараз қалаларынан 20 спортшы қатысты. Сом білекті, бура санды жігіттердің арасында өткен күресте облыс намысын қорғаған қармақшылық Еламан Ерғалиев бірінші орын алса, түркістандық Марат Байкамуров пен Жамбыл облысынан келген Ерсұлтан Мұзаппаров екінші және үшінші жүлдені өзара бөлісті.
Т.Жүргенов ауылының мәдениет үйінде «Тәуелсіздік жалаугері – Жүргенов» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы той көркін қыздыра түсті. Ел мақтанышын еске алуға арналған мерейтойда іріктеуден өткен 14 ақын өз өлеңдерін оқыды.
Қайраткердің өмір жолын өлеңмен өрнектеген мүшәйрада қызылордалық Мақсат Дауылбай, Ұлытау облысынан келген Дәуренбек Бұлданбаев, Алматы облысынан келген Нұрлыбек Саматұлы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жыр бәйгесінде Жалағаш ауданының жас ақыны Жасұлан Серік жүлделі ІІ орынға лайық деп танылса, Павлодар облысынан келген Нарқұлан Райханұлы І орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Елена Әбдіхалықова Темірбек Жүргенов атындағы арнайы жүлдеге ие болды.
Ал өңірге ғана емес, республикаға танымал әріптесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы бұл жыр додасында бас бәйгені алды.
Алаштың ардақтысы Темірбек Жүргеновтің Жалағаш топырағында өткен мерейтойы жайлы мақаланы газетіміздің алдағы нөмірінен оқисыздар.
Ержан Қожас,
«Сыр бойы»
Жалағаш ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<