Тәуелсіздікті ұлықтайтын мереке

564

0

Өткен ұлттық құрылтайда Республика күні ұлттық мереке ретінде ұсынылып, қыркүйекте қабылданғаны барша қазақстандықтар үшін жаңа серпін әкелгендей.

Бұл күн әу баста аталып өткенімен, оның мән-маңызы мен қадір-қасиетін ұғынып, бағамдай  бермейтін бүгінгі қоғам. Ал енді ұлттық мереке ретінде қайта қолға алынған бұл күн аталып өтілуі керек деп ойлаймын. Себебі, ата-бабамыздың қолы еркіндікке, егемендікке дәл осы күні жетті. Алғаш рет дәл осы күні біз өзімізді республика ретінде әлемге таныта бастадық.

Бұл күн – «Жаңа Қазақстанды» құрудағы алғашқы баспалдақ. Тәуелсіз ел тұрақтылығын сақтауға әр түрлі салада жұмыс жасайтын әрбір қазақстандық үлесін қосып келеді. Әсіресе, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер үшін бұл мерекенің ауқымы зор. Шағын және орта бизнес ел экономикасының негізі болып саналады. Кәсіпкерлер арқылы бүгінгі қызмет нарығы қалыптасып,  азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Әлеуметтік жауапкершілікке белсенді атсалысып келеді.

Бұл мереке – азаттық, тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенімділіктің белгісі. Президентіміздің бастамалары аясында еліміздің экономикасы қарқынды дамуда, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдаулар тұрақты көрсетіліп келеді. Әсіресе, әйелдердің бел­сенділігі артып, өздерінің кәсіби және шығар­машылық әле­ует­терін жү­зеге асыратын мүмкін­діктерді барынша жүзеге асыруда. Бұл – ел Президентінің мемлекеттік сая­­сатқа ұдайы мән беріп, әйелдер кәсіпкерлігінің маңыз­ды­лы­ғына назар аударуы мен қолдауының нәтижесі.

Қазірдің өзінде біздің елімізде әйелдер кәсіпкерлігі оңтайлы жүзеге асырылуда. БҰҰ-ның гендерлік даму индексінде мемлекетіміз 51-орын алса, дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының бағалауынша 153 елдің ішінде 37-сатыда тұр.

Осыдан-ақ еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігінің қарқын алып, жақсы жүзеге аса бастағанын байқауға болады. Мемлекетіміздің өркендеуі мен экономикасының дамуы ең алдымен, кәсіпкерлерге тікелей байланысты. «Жаңа Қазақстанда» қайта күшіне енген Республика күні кездейсоқтық емес. Еліміздің еңселі болуы мен бағының баянды болуы жолында қызмет ететін әрбір қазақстандық үшін де тарихи салмағы басым, мән-маңызы зор болуы тиіс деп ойлаймын. Әрбіріміздің міндетіміз – елімізге қалтқысыз қызмет ету. Осынау ізгі борышымызды ақтап, елжандылығымызды ұмытпасақ, кемел келешек жасау өз қолымызда. Сондықтан мерекенің дер кезінде қабылдануы сәтті болғай!

Барша Сыр жұртшылығын мерейлі мерекемен құттықтай отырып, өткеннен тағылым алып, келешекке байыпты қадам жасайтын маңызды күнде әрбір шаңыраққа амандық тілеймін. Елдігіміз ғұмырлы, ертеңіміз тұғырлы болғай!

Манат АЛМАШЕВА,

облыстық маслихат депутаты,

«Іскер әйелдер қауымдастығы»

төрағасы, кәсіпкер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<