Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның және Азия конституциялық соттары және балама институттар қауымдастығы IV Конгресінің пленарлық отырысына онлайн режимде қатысты.
Президент 1995 жылы Бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғанын, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңымызға идеялық тұрғыдан бастамашы болғанын, іргелі құжатты әзірлеу жұмысын Елбасының өзі басқарғанын атап өтті.
– Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Конституцияда Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілігін қалыптастыру үшін аса маңызды құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттар да айқындалды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады.
Мемлекет басшысы жалпыға ортақ демократиялық қағидаттарды нығайта түсу, адамдардың және азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдікті күшейту еліміздің алдында тұрған басты міндет екеніне тоқталды. Ата Заңның ережелерін жүзеге асыру ісінде Конституциялық кеңестің маңызы ерекше екенін, аталған кеңес Конституцияның ел аумағында үстемдік етуін қамтамасыз етіп, конституциялық талаптардың мән-мазмұнын түсіндіру тұрғысынан орасан зор жұмыс атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар биыл Қазақстанның Конституциялық кеңесі Азия конституциялық соттары қауымдастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етіп жатқанын атап өтті.
Президент сөз соңында конференцияға қатысушыларды Ата Заңның мерейлі мерекесімен құттықтады.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық Экономикалық Одақ сотының төрағасы Жолымбет Бәйішов, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының бас директоры Фрауке Бахлер, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо сөз сөйледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<