«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14-15 қыркүйекте Тәжікстанға жұмыс сапарымен барады» деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Сапар аясында Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысады.
Байланыстарға тың серпін береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатардың Power International Holding компаниясының иелері Рамез Әл-Хаят пен Муатаз Әл-Хаятты қабылдады.
Кездесу барысында Президент еліміздің Таяу Шығыстағы стратегиялық серіктесі саналатын Power International Holding компаниясы Қазақстан мен Қатар арасындағы экономикалық байланыстарды жолға қою ісіне тың серпін беретінін атап өтті.
Сонымен қатар кездесуде энергетика және геологиялық барлау салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, девелопмент-жобаларды іске асыру, денсаулық сақтау бағыттарындағы қарым-қатынастардың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамыту бойынша Қазақстанда кешенді шаралар қабылданып жатқанын және шетелден тікелей инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.
Компания басшыларын қабылдады
Мемлекет басшысы LY iTECH компаниясының төрағасы Цзэн Фанцинь мен HGTECH Co. Ltd компаниясының төрағасы Ма Синьцянды қабылдады.
Президентке тұрмыстық техникалардың, автокөліктер мен смартфондардың қосалқы бөлшектерін шығаратын және инновациялық технологиялар саласында жұмыс істейтін Қытайдың ірі жоғары технологиялық кәсіпорындары жөнінде мәлімет берілді.
Әңгімелесу барысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және қосалқы бөлшектер мен лазерлік құрылғы өндіру үшін Қазақстаннан сирек кездесетін металдарды тұрақты түрде жеткізу ісін жолға қою перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар еліміздің инновациялық әлеуетін нығайту мәселелері де қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің стратегиялық серіктес екенін, соның ішінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы аясында ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<