Тәжірибе алаңының 20 жылдығы қорытындыланды

240

0

Биыл шығармашыл мұғалімдердің Тәжірибе алаңына – 20 жыл. Республикада аналогі жоқ,ең құнды, маңызды жоба Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің демеушілігімен жыл сайын Жаңақорған шипажайында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл форма 2002 жылы бастау алды, қазіргі таңда дәстүрге айналған шығармашыл мұғалімдердің өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісулеріне бағытталған бас қосуы. Оған жыл сайын облыс аудандары мен Қызылорда қаласынан кәсіби өсуіне сай іріктелген 100-ге жуық шығармашыл ұстаздар қатысып, тәжірибе алмасып, ой бөліседі.

4 қаңтар күні Тәжірибе алаңының 20 жылдығына арналған мерекелік жиын өтті. Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева шығармашыл ұстаздарды, алаң жұлдыздарын, қонақтарды Тәжірибе алаңының 20 жылдық мерекесімен құттықтады.

Шара барысында сөз алған филиал директоры Бауыржан Елеусінов оқушыны жанымен түсініп, оларды жүрек нұрымен сүйе отырып, бала тәрбиесінің қыры мен сырына терең бойлай білетін ұстаздар еңбегінің сараланатын кезеңі – Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалымен бірлесе ұйымдастырған Тәжірибе алаңы екенін, бұл игі шара облыстағы білім сапасының артуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.

20 жылдық мерекеге орай алаң жұлдызына айналған ардагер-ұстаздар, шығармашыл мұғалімдер «Тәжірибе алаңына 20 жыл» арнайы төсбелгісімен марапатталды.

Өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, үздік жұмыстары мен кәсіби шығармашылық шеберлігін көрсеткен мұғалімдерге, командаларға Құрмет грамоталары, дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.

Тәжірибе алаңының өткізілуіне демеушілік жасаған Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиеваға, қатысқан барша ұстаздарға, ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз!

Алдағы уақытта шығармашыл ұстаздардан табысты жұмыстар мен педагогикалық идеялар күтеміз!

Жанар Бержанова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы

бойынша филиалының

 бас әдіскері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<