Тәжірибе алаңының бірінші күні: тәжірибе алмасудың ашық алаңы

132

0

Фото: автордан

Тәжірибе алаңы – облыс көлемінде шығармашылықпен жұмыс жасайтын озат тәжірибелі мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, шығармашылық әлеуетін, кәсіби құзіреттілігін дамытуға, үздік тәжірибесін анықтауға және таратуға мүмкіндік беретін ең құнды, ең маңызды жобалардың бірі.
Тәжірибе алаңының бағдарламасында түрлі бағыттар бойынша өткізілетін шеберлік сыныптары, кәсіби байқаулар, ғылыми-тәжірибелік конференция, педагогикалық идеялар аукционы, танымдық ойындар және мәдени шаралар жоспарланған.

Алаңның бірінші күні педагогтердің білімін жетілдіруге бағытталған шеберлік сыныптарымен басталды. «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының оқытушылары Жанар Жубауова «Педагогикалық рефлексиядағы зерттеулер: Lesson Study және Action Resources», Оразбай Орманов «Педагогтің кәсіби дамуын басқару» тақырыптарында алаң қатысушыларына шеберлік сыныптарын өткізді.

Шеберлік сынып барысында қатысушылар, сабақтағы іс-әрекетті зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын Lesson Study әдісінің ерекшеліктерін меңгерді. Қатысушыларға LS және AR мүмкіндіктерін өзінің педагогикалық тәжірибесінде қолдануға көмектесетін тиімділігі туралы мазмұнды ақпараттар берілді.

«Педагогтің кәсіби дамуын басқару» тақырыбындағы шеберлік сынып барысында педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасында аттестаттаудан өтуі, педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібі, жыл ішінде педагогтің білімін бағалауы, тест сұрақтарының мазмұны, педагог-зерттеушілер мен педагог-шеберлердің жұмыс тәжірибесін тарату тәртібі түсіндіріліп, талдау жүргізілді.

Тәжірибе алаңының «трендіне» айналған «Брейн-ринг» танымдық ойыны өткізілді. Сайыс барысында командалар әртүрлі тақырыптардағы логикалық сұрақтарға жауап беріп, нәтижесінде Қармақшы ауданының командасы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар «Ауылдың алты ауызы» өнер кешіне командалар белсене қатысты. Сазды әуен, билерімен, әзіл-шыны аралас көріністерімен өз өнерлерін ортаға салып, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ұйымдастырушылар алаңның алғашқы күні өткізілген шараларға сараптамалық талдау жасап, қорытындылады.

«Өрлеу» Қызылорда филиалының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<