Жазмыш тақтасындағы таңдау

2403

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында жылдың алғашқы жаңа қойылымы Шыңғыс Айтматов повесінің желісі бойынша «Жәмилә» спектаклі сахналанды.

Спектакль халық жазушысының 95 жылдығы аясында қалың көрерменге ұсынылып отыр. Қойылым режиссері Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты Дина Жұмабаева жаңа бағыттағы, режиссерлік тың қолтаңбасымен Сыр көрермендерінің назарына кезекті жаңа қойылымын ұсынды. Режиссер БАҚ өкілдеріне арналған брифингте қойылымның айтар ойы мен бүгінгі күнмен үндесіп жатқан ерекшелігіне тоқталып өтті.

– Сыр өнерпаздарының қарапайымдылығы және таланты ұнады. Сол арқылы да осы қойылымның негізгі айтар ойы халыққа жетпек. Алдағы мамыр айында Шыңғыс Айтматов атындағы үлкен фестиваль өтеді. Соған осы спектакльді дайындап отырмыз, – деді Д.Жұмабаева.

Расымен де, бас кейіпкерлер Жәмилә рөлін сомдаған Жауһар Еркінова мен Данияр образындағы Қанат Архабаев режиссердің ойын сахнада толық көрсете алды. Оны көрерменнің көзіне жас алып отырғаны мен оқтын-оқтын соғылған қошеметтен анық аңғаруға болады. Аманжан Шегебаев пен Азидолла Әзімтай (Сейіт) көрерменді «кішкене бала» екеніне сендіре білсе, Залипа Төлепова (Сейіттің анасы) ана болмысын парасатымен аша білді. Санат Жүзбай (Садық) кейіпкердің жағымсыз рөлін сәтті алып шықты.

Қойылым адамзат өміріндегі қалыптасқан дәстүр мен өз тағдыр тақтасындағы таңдауға қарсы тұрған жас әйелдің нәубетке толы махаббатын алға тартқан. Жәмиләнің өміріндегі басты сынақ та осы мөлдір махаббаты болатын. Премьераны тамашалап отырып «әлсіз жандар ғана азап тартқан қоғамда мұндай іңкәр көңіл мен нәзік сезімге орын бар ма?» деген сұраққа іштей жауап іздейсің. Бақыт пен тыныштықтың кілті кімде? Қырмандағы тірліктің қызуы сезім отының лаулай түсуіне сеп болғандай. Көрермен сезім сәтсіздігіне сүрінбеу үшін Жәмилә қандай жолды таңдар екен деп алаңдап отырды.

Жары соғысқа кетіп, өзі қырманда жұмыс істеп жүріп, нағыз махаббатын жолықтырған Жәмиләның тағдыры Ұлы Отан соғысы жылдарының ғана емес, екі дәуірдің де айнасы секілді. Жаңа қойылымның тұсаукесерінде көрерменнің ықыласы аңғарылды. Өйткені, зал лық толы. Спектакль ауылда алаңсыз жүрген бойжеткен мен бозбаланың көңілді тірлігімен басталады. Қыз қуу ойынында Жәмиләға жете алмай, ұятқа қалған Садық кейіннен достарымен ақылдасып, қызды алып қашады. Алайда түтін түтеткен соң арада 3-4 ай өткенде Садық соғысқа аттанады да, жас келін енесі Жамалмен, қайын інісі Сейітпен үшеуі қалады. Сол кездегі жұмыс күшінің тапшылығына байланысты жас келін қырманда арба айдаушы болады. Жәмилә қайын інісі мен Данияр есімді соғыстан жараланып оралған томаға-тұйық азаматпен бірге күнде қоймаға астық тасиды. Ал соғысқа кеткен отағасы Садықтан хат келгенімен ол үйдегі жарына «сәлем» деп те жазбайды. Бұл Жәмиләның жабырқау көңілін одан әрі жүдетті. Уақыт өте сапарласы Даниярға деген сезімі үдей түсіп, Жәмила ақыры онымен бірге қол ұстасып кетеді. Патша көңілді көрерменнің жүрек қылын дөп басып, күлдіре отырып жылататын спектакльдің әсері осылайша ерекшеленді.

Бұл повесть – шын мәнінде советтік санаға төңкеріс жасаған туынды. Шыңғыс Айтматов адамды тек қоршаған қоғамның тәуелді мүшесі ғана емес, өз ойы, өзіндік пікірі бар, жүрек сезіміне бағынатын, жан әлемі қалтарыс-бұлтарысты жеке тұлға ретінде қарастырды. Егер «Жәмилә» – сол дәуірдің саясатын ұстанған шығарма болса, басты кейіпкері соғысқа кеткен жарын пір тұтуы, күйеуін жігерлендіретін хаттар жазып, зарыға күтуі керек еді. Бірақ әсте олай болмады.

Осынша ойлы оқиғаны ашу үшін үлкен шығармашылық жұмыстар атқарылғаны көрініп тұрды. Қойылым соңында облыс әкімінің ықылас гүлі табысталып, артистерге құрмет көрсетілді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<