Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарының барысында осы елдің Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Төле би кесенесіне зиярат етті.
Мемлекет басшысы Ташкент қаласындағы көрнекті орындардың бірі «Төле би кесенесі» сәулет кешеніне барды. Бұл жерде қазақтың біртуар перзенті Төле би жерленген. Ташкент қаласының территориясында орналасқан кесене XV ғасырдың бірінші жартысында салынған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халықаралық конгресс орталығында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Содан кейін құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.
Бұдан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.
– Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, тараптар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
– Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды, – деді Президент.
Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас.
***
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты.
Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында тұрмыстық техника, Шымкентте инфузиялық ерітінді, Қостанайда Chevrolet автомобильдерін шығаратын жоба іске қосылады.
Өз кезегінде Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісіне, Ташкент облысында логистикалық орталық пен Ташкент қаласында тұрғын үй-коммерциялық инфрақұрылымының құрылысына қатысты жобалар жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіріп, нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді.
***
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының аясында Ташкент қаласында өтіп жатқан «Абай. Бауырлас халықтар мұрасы» атты ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеге барды.
Бұл көрме – екі ел арасындағы достық пен бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам. «Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» атты көрмеде ұлы ақынның шығармашылығындағы Әлішер Науаидың рөлі, Абай өмірінің негізгі кезеңдері, Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, Е.Сидоркин, Н.Өтепбаев және тағы басқа суретшілердің туындыларындағы Абай туралы сюжеттер қамтылған. Оған қоса, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің 120-дан астам экспонаты қойылған.
***
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
– Біз жаңа ғана Шавкат Миромонович Мирзиёевпен бірге тарихи келісімдерге қол қойдық. Бұл құжаттардың мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен өзара бауырластық қарым-қатынастар жылнамасына алтын әріппен жазылатынына кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа, ресми делегациялардың мүшелері мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар құжаттарға қол қойды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<