Тағылымдама – таптырмас мүмкіндік

497

0

Кез келген ғылыми жетістіктің алғышарты білім мен ізденістің іс жүзінде жасалуы болса керек. Өткен жылдың соңында қызылордалық жас ғалымдар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушылары, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Далдабаева мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Эльмира Елеуова Швейцария мемлекетінің озық жоғары оқу орнының бірі – Солтүстік-батыс Швейцария қолданбалы ғылымдар және өнер университетінен тағылымдамадан өтіп келді.

Қыркүйек айының 25-нен тағылымдама бағдарламасы бойынша тәжірибелерге кіріскен қос оқытушы оны желтоқсан айында аяқтап, елге оралған.

Арнайы бағдарламаға бір жыл бұрын дайындықты бастаған ұстаздардың айтуынша, тағылымдамадан өту үшін ғылыми дәреже мен аталған шетелдік университеттен арнайы шақыртудың болуы басты шарт.

– «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына құжаттарымызды жинақтап тапсырып, конкурспен қабылдандық. Үш ай бойы арнайы тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтап келдік. Тағылымдаманың басты бағыты агроөнеркәсіп кешені саласын, соның ішіндегі ауызсу сапасын, ауызсу құрамын зерттеу тақырыбын қамтиды. Бұл тақырып біздің өңір үшін де өте өзекті. Университеттің үлкен зертханаларында болып, түрлі құрылғылармен, әдіс-тәсілдермен таныстық. Ауызсудың сапасын жақсарту, ағынды судың құрамын анықтау, қайта пайдалануға жарамдылығын арттыру бағытында іздендік. Зертханалық жұмыстардан бөлек университеттегі дәстүрлі сабақтарға да қатысып, студенттердің білім алу жүйесіне де қанық болдық.

Университет ауызсу мен ағынды судың сапасын жақсарту бағыты бойынша Еуропа елдерімен, ал Азияда Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен тығыз байланыста. Келешекте аталған жобалар мен тәжірибе алмасулар арқылы біздің де өзара тығыз байланыс орнатуымызға мүмкіндік бар,  – дейді Гүлнұр Төреханқызы.

Әрине, ауызсу бағыты бойынша эксперименттерді іске асыру үшін облыста дәл Швейцариядағыдай зертханалардың жоқтығы мәлім. Алайда тағылымдаманың таптырмас мүмкіндігінің арқасында қос ұстаз сонда жүріп өндірушілермен байланысу арқылы арнайы құрылғыларға қайдан, қалай тапсырыс беруге болатынына көз жеткізіп келген.

– Негізінен тағылымдамалар 1 жылға созылады. Біз ең қысқа мерзім – 3 айға барып, тәжірибе алмастық. Шыны керек уақыт аздық етіп қалғандай. Жұмыстарымызды аяқтап үлгермесек те, онлайн байланыс арқылы тәжірибелік зерттеулерімізді елге келіп қорытындыладық.

Швейцарияның табиғаты мен тұрғындарының өмір сүру сапасын білетін боларсыздар. Соның ішінде ауызсу мен жалпы судың сапасы бойынша әлемде алғашқы орында тұр. Тағылымдамадан өткен университеттің бір корпусының өзінде 10-нан аса ғылыми зертхана бар. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті су шаруашылығы және жерге орналастыру кафедрасы осы бағдарлама аясында жаңа жобаны іске асыруды мақсат етіп, 43 миллион теңге болатын зертханалық құрал-жабдықтарға тапсырыс берді. Университет тарапынан ауызсу сапасын жақсарту үшін зерттеу жүргізуге, құралдарын сатып алуға қолдау көрсетілуде. Осындай қолдаудан соң бірден әрекетке көшсек, швейцариялықтар секілді өзге елдердің су сапасына сын көзбен қарайтын күн алыс емес, – дейді Эльмира Шорақызы.

Әрине, алғашқы жылдар үшін осы құрылғылармен жұмыс істеудің өзі үлкен жетістік. Бағдарламаға арнайы шақырту жіберген ғалым Марина Фитор –  әлем елдеріндегі су сапасын жақсарту тақырыбы бойынша дәріс оқып, семинарлар өткізіп жүрген кәсіби маман. Профессор өткен жылы Қорқыт ата жоғары оқу орнының білім алушыларына арнайы дәріс оқыған болатын. Университет ұстаздары қазір ол кісімен тығыз байланыста.

Айта кетейік, тағылымдамадан оралған соң Тасбөгет кентінде зерттеу жұмыстары басталған. Жобаның ұзақтығы – 3 жыл.   Жалпы өткен жылы университеттің 14 ұстазы шетелдік бағдарламалар арқылы тағылымдамадан өткен. Швейцария, Германия, Ресей мемлекеттерінің үздік университеттерінен арнайы шақырту алып, тәжірибе алмасуда ұстаздарға ағылшын тілі кедергі келтірмеген. Себебі орыс тілінде өту мүмкіндігі қарастырылған.

– Ондағы студенттердің қызылордалық студенттерден айырмашылығы – ұстазымен тең дәрежеде сөйлесе алуында. Сабақ барысында ешқандай кедергісіз кез келген сұрағын қойып, жауап алуына мүмкіндік бар. Ұстаздық тәжірибем бойынша айтар болсам, бізде де студенттер жыл өткен сайын ашық, еркін болып келеді. Бұл – көңіл қуантарлық дүние.

Ғылыми тәжірибеміз бойынша ағынды суды белсендірілген көмір арқылы тазартып, қайта пайдалану мүмкіндігіне ие болсақ дейміз. Ағынды суды тазартқан соң қайтадан ауыл шаруашылығына суаруға жұмсасақ, артық шығын болмас еді, – дейді Эльмира Елеуова.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<