Тағылымды тәрбие мектебі

883

0

Облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті І пленумы өтті. Онда Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын тапсырмалар мен міндеттер, республикалық ардагерлер ұйымының VIII съезінің шешімдерінің орындалу барысы, облыстық ардагерлер ұйымының атқарған жұмысы жайлы мәселелер қаралды. Бірінші мәселе  бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев баяндама жасады.

– Біздің облыс алғашқылардың бірі болып ардагерлер кеңесін құрған. Биыл ардагерлер ұйымына 35 жыл толып отыр. Олар – елдің ұйытқысы, көшбасшысы. Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымының әрбір мүшесі – тәуелсіздік алған жылдары жауапты қызметте болған тұлғалар. Аймағымыздың өсіп-өркендеуі жолында сүбелі үлес қосты, кейінгілерге тағылымды тәрбие берді, рухани азық болатын үлкен мектеп қалыптастырды, – деді ол.

Күн тәртібінде «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар жоспары туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төраға кеңесшісі Мақсұт Баекеев хабарлама жасады. Мерекелік іс-шара  маусым айында өтетін салтанатты облыстық форумнан бастау алып, ардагерлер арасындағы облыстық көркемөнерпаздар байқауымен жалғаспақ.  Мерейтой жоспарын бекітуге пленум мүшелері бірауыздан келісім берді.

Пленумда ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Күлай Ермағанбетованың басқа қызметке ауысуына байланысты оның орнына және алқа мүшелігіне Өмірбек Шәменов ұсынылды. Аталған ұсыныстар облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумында бекітіліп, қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Ардагерлер ұйымы алдағы уақытта бастауыш ұйымдарының жүйелік құрылымдарын жетілдіру мен олардың белсенділігін арттыру, саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету бағыттары бойынша жұмыстарды жалғастыра бермек.

«СБ» ақпарат