Тағылымға толы іс-шара

663

0

Сурет: Қармақшы ауданының әкімдігі

Алашқа ана атанған Сыр еліндегі «Анаға тағзым» орталығы сұлулық пен ізгілікті бойына сіңіріп, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар қазақтың анасы деген атқа лайық XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына сеп болатын бірден-бір рухани-мәдени орталық.

Данагөй ұлы аналардың ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа, оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беретін орталықта бүгін Қорқыт елі Қармақшының қырық қызы мен туған топырақтан түлеген Қармақшы қарлығаштары өнеге мен өсиетке толы тағылымды шара өткізіп, жақұт жырдан шашу шашып, саф өнердің Сыр бойындағы салтанатын жасады.

Шараға облыс әкімінің жанындағы әйелдер және отбасы демографиясы жөніндегі комиссиясының хатшысы Каримова Қаламқас Арыстанқызы мен аудан әкімінің орынбасары Смағұлов Самат Қыдырбекұлы қатысты. Комиссия хатшысы Қаламқас Арыстанқызы облыс әкімі аппаратының басшысы Байманов Шахмардан Асқарұлының арнайы алғыс хаттарын табыстады.

Аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы ұлттық құндылыққа толы орталыққа «Қорқыт елі Қармақшының 95 жылдығы» бейнеленген символикалық сый ұсынды. Өз кезегінде орталық басшысы Алтынай Молжанова көпшілікке алғаусыз алғыс білдіріп, бірқатар қармақшылықтарды марапаттады.

Аудан делегациясы орталықтағы «Береке» аспаздық студиясында қазақтың табақ тарту дәстүрін насихаттап, өзге ұлт өкілдерінің тағамдар көрмесімен бірге «Мирас» әжелер клубының, «Жас Отау» жас отбасылар клубы, «Ұлт жақұты» музейлік залы мен психолог-медиатор кабинеттерінің жұмыстарымен танысты. Ал креативті индустрия орталығында ертеректегі халқымыздың диірмен тарту, күбі пісу салттарын жаңғыртты.

Танымды шара соңы Қорқыт бабамызға мәңгілік мекен болған, «Жүз шайыр, мың палуан шыққан» қармақшылықтардың жыр шашуларына ұласты.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<