Тайвань аралында қуаты 7 балдан асатын дүмпу тіркелді

493

0

Сурет: Zakon.kz

Әлемнің бірқатар бөлігінде ауа-райы қолайсыздық танытып жатыр. Үндістан мен АҚШ-та дүлей дауыл тұрды. Қаза тапқандар бар, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ресейдің Алтай өлкесі мен Орынборды еріген қар суы басты. Гватемалада орман өрті дес бермей жатыр. Ал Тайваньда соңғы 25 жылдағы ең алапат зілзала болды. Бірнеше адам қаза тапқан. Жоғалып кеткендер іздестіріліп жатыр, деп жазады qazaqstan.kz.

Тайвань

Тайвань аралын қуаты 7 балдан асатын алапат дүмпу теңселтті. Зілзаладан 9 адам қаза тапқан. 800-ден астам адам жараланды. Құтқарушылар үйінді астынан 100-ден астам адамды іздестіріп жатыр. Мұндай жойқын зілзала аралда соңғы 25 жылда болмаған. Алапат дүмпуден ғимараттар қирап, таудан тас көшті. Жолдар мен көпірлер бұзылды.

Үндістанда дауылдан 5 адам қаза тапты

Үндістанда алапат циклоннан бес адам қаза тапты. Тағы 500-ге жуық тұрғын жараланып, ауруханаға түскен. Сұрапыл желден Батыс Бенгалия штатының Джалпайгури округінде талай үй зақымданды. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, зардап шеккендердің екеуі хал үстінде жатыр.

АҚШ-та бірнеше штат дауылдан зардап шекті

АҚШ-та бірнеше штат дүлей дауылдан зардап шекті. Мыңдаған үй мен кәсіпорын жарықсыз қалды. Бір адам қаза болған. Верджиния штатының өзінде 140 мың үй электр қуатынсыз отыр. Индиана штатында да қатты дауылдан ағаштар құлап, электр желілері үзілген. Сабақ тоқтатылып, мектептер уақытша жабылған. Торнадоның ықтималдылығы жоғары, – дейді мамандар. Ал құйыннан зардап шеккен Кентукки өңірде төтенше жағдай жарияланды.

Ресейдің Алтай өлкесі мен Орынборды су басты

Ресейдің Алтай өлкесінде су тасқынымен күрес жалғасып жатыр. Осыған ұқсас жағдай Орынбор қаласында да қалыптасқан. Оның Берди шағын ауданында оннан астам адам эвакуацияланды.

Екі өңірдегі апатқа қардың кенеттен еруі себепші. Елдің Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, Алтайдағы 40 ауылда 500-дей үй топан судың ортасында қалған.

Қытайда күшті желден 7 адам қаза тапты

Қытайда жексенбіден бері нөсер жауын толастамай жатыр. Күшті жел де басылған жоқ. Ауа-райының қолайсыздығынан 7 адам қаза тапқан. Жүздеген тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Оларға арнап уақытша орталықтар ашылды. Синоптиктер тұрғындарға елдің түрлі бөлігінде бүгін және ертең де нөсер жауын мен бұршақ жауатыны және екпінді жел соғатыны туралы ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<