Талай отбасына теңдессіз бақыт сыйлаған

1690

0

«Экомед» клиникалар желісінің 30 жылдығына орай Қызылордада «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында дүниеге келген балалар мен олардың ата-аналарының басын қосқан шара өтті. Оған еліміздегі экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісінің негізін қалаушы, профессор, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова қатысты.

Біркүндік шара «Анаға тағзым» орталығында ұйымдастырылып, шымылдығын «Аңсаған сәби fest» фестивалі ашты. Сыр еліне табан тіреген мәртебелі меймандар алдымен көркі көзтартарлық ғимаратты аралап көрді. Мұнда «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы және әйелдердің креативті индустрия орталығы жұмыс істеп тұр. Орталық өткенге құрмет көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында Қызылорда облысының 85 жылдығына орай былтыр пайдалануға берілген болатын.

Одан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы және «Экомед-Сырдария» клиникасының қолдауымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша дүниеге келген 100-ден астам бүлдіршін мен олардың ата-аналарына арналған думанды жиын өтті. Талай отбасына үміт сыйлаған бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2021-2023 жылдары мемлекеттік квота арқылы 21 мың пациентке ЭКҰ жасалып, соның 8 мыңы жүкті ретінде есепке тұрды. Сөйтіп, 7 мыңға жуық сәби жарық дүние есігін ашты. Облысқа 2021 жылы 281, 2022 жылы 277, 2023 жылы 274, 2024 жылы 270 квота бөлінді. Өткен жылғы квотаның 63%-ы «Экомед-Сырдария» клиникасына дайындыққа жолданып, нәтижесінде 152 жағдайда (55,5%) жүктілік тіркелді. ЭКҰ арқылы 119 бала отбасын қуанышқа бөледі. Ал 5 үйді егіз сәбилер толтырды.

Қазақстандағы алғашқы ЭКҰ клиникасының негізін қалаушы, «Экомед» клиникалар тобының бас директоры Батыр Бекмұсаев «Аңсаған сәби fest» фестивалінің Сыр өңірінен бастау алғанын, оған себеп те жоқ емес екенін жеткізді.

– Өйткені сырбойылық азаматтардың көп жақсылығын көрдік. 1996 жылы 31 шілдеде түтікшедегі ең алғашқы қазақстандық бала дүниеге келді. Одан кейін қиындықтар болып, жұмысымыз тоқтап қалды. Сонда сіздердің жерлестеріңіз Қырымбек Көшербаев Денсаулық сақтау министрі кезінде «Экомед» жұмысын жалғастыру жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Қазалының тумасы, ағалы-інілі Сәдуақасовтар бізге демеушілік жасады. Мемлекет қайраткері Гүлшара Әбдіқалықова да қолдауын аяған емес, – дей келе, ол өзі басқаратын клиника талай отбасына теңдессіз бақыт сыйлауға үлес қосып келе жатқанын айтты.

«Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобы «Аңсаған сәби» бағдарламасы негізінде үш жылда 6554 квотаны игерді. 3540 (54%) пациенттін құрсағына бала бітіп, одан 2487 (38%) бала өмірге келді.

«Экомед» клиникалар тобының және «New Generation Clinic» халықаралық репродукция орталығының негізін қалаушы, ғылыми басшысы Салтанат Байқошқарова 1995 жылдың 18 сәуірі күні алғашқы ЭКҰ зертханасы ашылғанын, бедеулікті жаңа технологиямен емдеуге көшкелі бері 30 жылда тек «Экомед» клиникаларында 20 мыңнан астам нәресте дүниеге келгенін атап өтті.

– Қызылордадағы клиника жұмысын бастағалы жеті жыл болды. Дәрігерлеріміздің көмегімен ЭКҰ әдісінен бөлек, табиғи жолмен сәбилі болған жұптар да бар. Дегенмен, балаларды бөлуге болмайды. Қандай жолмен өмірге келсе де, бүлдіршіндерді әрбір отбасы асыға күткені сөзсіз. Байтақ елімізді балаға толтырайық, бесік тербетуден босамайық! – деп тілектестік білдірді.

Фестиваль аясында Салтанат Байқошқарова бірнеше сәбидің тұсауын кесіп, ата-аналар атынан Алтын әжей мен Марал Төребаева оған ризашылығын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ осы күні ашық есік күні өтіп, бала сүйе алмай жүрген пациенттер білікті мамандардан кеңес алды. Ал түс ауа «Бедеулікті емдеу: амбулаторлық буыннан қосымша репродуктивті технологияларға дейін» атты ғылыми-практикалық семинар өтті. «Аңсаған сәби» бағдарламасының облыс көлемінде орындалуы, бедеулік мәселесінің себеп-салдары, оны емдеу әдіс-тәсілдері туралы сөз болды.

Профессор, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова жаңа қосалқы репродуктивті технологиялардың дүниеге дені сау ұрпақ әкелудегі ролі жөнінде баяндама жасады.

– Бедеулікті емдеу – бір күннің еншісіндегі шаруа емес. Оған бірнеше ай, тіпті бірнеше жыл керек болуы мүмкін. Елімізде репродуктология саласында маманданған маңдайалды клиникалар бар. Медицинасы озық шетелдерден еш жеріміз кем емес. Сондықтан сыртқа кетпей-ақ Қазақстанда емделуге болады. Мемлекет тәуір мүмкіндік ұсынып отыр, соны пайдалануға тырысу керек, – дейді ол.

Конференцияда «Экомед» клиникалар тобының беделді өкілдері, медицина саласының білікті мамандары түрлі тақырыпта баяндама жасап, көптеген ерлі-зайыптыны уайымға салған проблеманы шешудің маңыздылығына тоқталды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<