Талан-таражға түскен теңге

825

0

кінәлі есепші ме, әлде…

Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің дерегінше, өткен жылы 12 мектепте жүргізілген тексеру нәтижесінде 550 млн теңге қаржы талан-таражға түскені анықталған. Мектеп директорлары электронды цифрлық қолтаңбасын есепшіге беріп, есепшінің мектепте мүлдем жұмыс істемейтін тұлғаларға еңбекақы аударып, құжат бойынша бұрмалау жағдайлары тіркелген. Мұндай жағдайлар басқа да мемлекеттік мекемелерде жиі орын алуда. Сондай-ақ, жауаптылардың мемлекеттік сатып алу заңын жетік білмеуі, есепші мамандардың біліктілігінің жоқтығы да кемшіліктерді үдетіп отыр.

Осы және өзге де өзекті мәселелер облыстық тексеру комиссиясы ұйымдастыруымен өткен «Қаржылық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту» тақырыбындағы семинар-кеңесте айтылды. «Достық үйінде» өткен жиынға облыстық қаржылық бақылау органдарының және басқармалардың басшылары, аудандар, қала әкімдерінің орынбасарлары, барлық салалар бойынша есепші мамандар қатысты.

Семинар-кеңесті тексеру комиссиясының төрағасы Мұса Қалдарбеков жүргізді. Ол сыртқы және ішкі мемлекеттік аудиттің негізгі міндеті – мемлекеттік бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қадағалау екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит тарапынан бюджет қаражатын игеру тиімділігіне тұрақты бақылауды жүзеге асырудың және мұқият талдау жүргізудің маңыздылығын атаған болатын.

Жиында күн тәртібіне сәйкес қазынашылық    департаментінің,   ішкі мемлекеттік аудит департаментінің, облыстық экономика және қаржы басқармасының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің өкілдері баяндама жасап, есепшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Алдымен мемлекеттік аудит анықтаған бұзушылықтар мен олардың алдын алу мәселесі айтылды. Тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Ілиясов комиссия қызметінің өткен жыл бойынша негізгі қорытындыларына тоқталды.

Өткен   жылы   183    аудит   объектісінде қаржылық бұзушылықтар анықталған. Кемшіліктердің негізгі себебі – бухгалтерлік есепті жүргізетін мамандардың қолданыстағы заңнаманы жетік білмеуі мен жауапкершілікті сезінбеуі. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттыру талап етілуі керек. Талғат Ілиясов мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтсақ, бюджетті жоспарлау сатысында Бюджет кодексінің қатаң сақталуы, мекемелерде қаржыландыру жоспарының мерзімінде әрі сапалы орындалуы керек.

Коммуналдық мүлікті басқарудағы өзекті мәселелер туралы да сөз болды. Мәселеге қатысты облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Құдайбергенов баяндама жасады. Сондай-ақ, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Ербол Күзембаев аудит қызметінің нәтижелері туралы баяндады.

Департамент өткен жылы 200-ден астам аудиторлық іс-шара жүргізген. Нәтижесінде 15,9 млрд теңге көлемінде бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде бюджет және басқа да заңнама бойынша 7 млрд теңге, мемлекеттік сатып алу бойынша 8,9 млрд теңгені құрап отыр. Заңға қайшы әрекеттер көбіне тапсырыс берушілер мен құрылыс компанияларында тіркелген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге субсидия беру саласында да негізсіз ақша аударымдары бар.

– Білім саласында мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында, мемлекеттік және жеке балабақшаларда жан басына шаққандағы қаржыны дұрыс есептемей, бюджет қаржысын артық жоспарлау деректері тіркелген. Сонымен қатар, мектептерде еңбекақыны артық аудару, жұмыс істемейтін, үшінші тұлғаларға ашылған есепшоттарға ақша аудару фактілері анықталды, – дейді Ербол Күзембаев.

Департамент өткен жылы Жаңақорған ауданындағы 12 мектепке тексеру жүргізген. Нәтижесінде мұғалімдерге, басқа да қызметкерлерге артық еңбекақы төлеу, мектепте мүлде жұмыс істемейтін адамдарға негізсіз ақша аудару бойынша барлығы 550 млн теңге талан-таражға түскені анықталған.

Атап айтсақ, аудандағы №51 мектептің өзінде 117 млн теңге, №169 мектепте 110 млн теңге, №213 мектепте 60 млн теңге, №195 мектепте 70 млн теңге қаржы жымқырылған. Қазіргі таңда 550 млн теңге қаржының 66 млн теңгесі ғана бюджет пайдасына өтелген. Сондай-ақ, 8 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Ербол Күзембаев «Артспорт» бағдарламасының жұмысына қатысты анықталған кемшіліктерге де тоқталды. Аудиторлық шара барысында 50 кәсіпкердің 848 балаға қаржыны артық жұмсауы бойынша 53 млн теңге бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, департамент өткен жылы 2335 өтінім-арыз қараған. Оның ішінде жеке тұлғалардан 819, заңды тұлғалардан 1516 арыз түскен.

Арыз-шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу саласына қатысты. Жиында бұл мәселеге қатысты облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкері Сәдір Ержанұлы баяндама жасап, мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы өзгерістерге тоқталды.

Ал мемлекеттік мекемелердің төлемді жүргізу кезіндегі өзекті мәселелері туралы облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Қанат Мырза баяндады.

– Былтыр азаматтық құқықтық мәмілелерді тіркеу үшін мемлекеттік мекемелерден 22684 өтінім қабылданып, оның 335-і орындаусыз кері қайтарылған. Орын алған қателіктер – көбіне мекеменің қаржы жоспарында қаржы жетіспеуі, келісім-шарт мәнінің ережеге сәйкес келмеуі, – деді ол.

Семинарда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Мейрамкүл Бибітова «Мемлекеттік қызметтегі әдептілік пен сыбайлас жемқорлық мәселесі туралы» баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған тәртіптік істер бойынша  жүргізілген  талдау нәтижесін атап өтіп, оның ішінде мемлекеттік сатып алу кезінде жиі орын алатын бұзушылықтардың алдын алу үшін тиісті ұсыныстар айтты.

– Өткен жылы әдеп нормаларын сақтамау фактілеріне қатысты кеңесте небәрі 7 тәртіптік іс қаралса, биыл көрсеткіш 36 пайызға артқан. Ал мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаушылар саны 62 пайызға артқан. Былтыр Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған істерге талдау жүргізілген болатын. Нәтижесінде қаралған істердің 50 пайызы мемлекеттік сатып алу заңын сақтамау бойынша екені анықталып отыр.  Материалдардың 24-ін прокуратура, 8-ін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, 2-ін тексеру комиссиясы, 2-ін мемлекеттік органдар  ұсынған. Ал 9 тәртіптік іс департамент жүргізген тексеріс барысында анықталған, – деді Мейрамкүл Бибітова.

Семинар-кеңес қорытындысымен мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор басшыларына есепші мамандарды арнайы курстарда оқытып, біліктілігін арттырып отыру қажеттігі ұсынылды.

Тексеру комиссиясы қаржылық бақылау органдарының және экономика саласымен бірлесіп, алдағы уақытта облысымыздың барлық аудандарында осындай семинар-кеңес өткізетін болады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<