Талантты өнер иесі Сыр өңірінде

189

0

Қызылордадағы «Өнер орталығында» Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері Досхан Жолжақсыновтың шығармашылық кеші өтті. Шығармашылық кешті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, аймақтың өнерсүйер жұртшылығы тамашалады.

Салтанатты шарада облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық театр және кино өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан өнер иесіне шығармашылық табыс тіледі.

– Досхан Жолжақсыновтың есімі аталса, әрбіріміздің көз алдымызға «Бандыны қуған Хамит» фильмі келеді. Бұл фильм қазақтың қайсар ұлы Хамиттің Отанына берілген адал бейнесімен қымбат. Душанбеде өткен кино­фес­тивальде актер ер адам рөлін үздік сомдағаны үшін жүлде жеңіп алғанын жақсы білеміз. Қазақ киносы аталса, Шәкен Айманов, Серке Қо­жамқұлов, Құр­манбек Жандарбеков, бүгінгі Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жа­манқұлов есімдері ойымызда тұрады. Ардақты Досхан ағамыздың да осы қатарда өз орны бар. Еліміздің дарынды перзенті 200-ден астам рольді сомдаған. Біржан сал, Құ­нанбай, «Көшпенділердегі» Қал­ден Серен, «Алтын күздегі» Мұрат роль­дері актердің талантын талай қиырға танытты. Жастарды кино алаңы мен үлкен сахнаға тал­пындырды. Бұл кейіп­керлер екі дәуірдің жастарын патриоттыққа, отансүйгіштікке тәр­биеледі. Дос­хан Жолжақсынов белгілі актер ғана емес, шебер орындаушы ре­тін­де де халық арасында танымал. Дом­бырасын қолға алғанда рух­танып, қазақ деген талантты ха­лықтың таза болмысын көз алдыңа әкеледі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Кеште көрермен назарына «Құнанбай» және «Біржан сал» көр­кем фильмдерінен үзінділер ұсы­нылды. Бұл туындылардағы тарихи көріністер мен ұлттық құн­дылықтар шығармашылық кеш­тің мазмұнын байыта түсті. Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлей­менова халық әндерінен шашу ша­шып, «Ахау керім», «Жүрші, сәулем» сынды дәстүрлі әндермен қатар «Біз әлі кездесерміз», «Най­за­ғай көңіл», «Махаббат арман» атты лирикалық шығармаларды орын­дады.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Маш­бекұлы Досхан Жолжақсынов пен Қаракөз Сүлейменоваға қазақы дәс­түрге сай құрмет көрсетіп, облыс әкі­мінің атынан ықылас гүлі табысталды.

«СБ» ақпарат