ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Абзал Ералиев, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских аймаққа сапары барысында Жаңақорған ауданындағы СКЗ-U күкірт қышқылы зауытының жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті.
«СКЗ-U» зауыты – күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Қоршаған орта үшін қауіпсіз озық технологияларды қолданатын зауыт мемлекеттің үдемелі-индустриалды-иновациялық даму бағдарламасы аясында 2011 жылы пайдалануға берілген. Тәулігіне – 1500, жылына 500000 тонна күкірт қышқылын өндіреді. Бүгінде мұнда 277 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ, зауытта өнім өндірудің қуат үнемдеуші әдістері де кең қолданыс тапқан. Яғни, қышқылды өндіру барысында шығатын буды турбогенераторлар арқылы электр энергиясын өндіруге қолданып отыр.
– Мемлекет басшысы Үкіметке энергия үнемдеу саласында жалпы ішкі өнімді үнемдеуді 2020 жылға қарай 25 процентке төмендету бойынша міндет жүктеген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарда біздің кәсіпорынның қосып отырған үлесі қомақты. Яғни, зауыт қышқылды өндіру барысында шығатын будан сағатына 18 мВт электр энергиясын өндіреді. Бұл зауытты электр энергиясымен қамтып қана қоймай аудандық электр желісіне де арзан энергия ұсынып отыр, – деді зауыт басшысының орынбасары Сәулебек Дүйсенбеков.
Зауыт жұмысымен танысып, ұжым мүшелерімен кездескен халық қалаулылары зауыт жұмысына өз ризашылықтарын білдірді.
– Уранның әлемдік қорының үштен бірінен астамы біздің елімізде шоғырланған. Оны өндіруде күкірт қышқылының рөлі зор. Бұрын еліміз күкірт қышқылын алу үшін өзге елдерге тәуелді болса, енді бәрі керісінше. Зауыт толық қуатында, тұрақты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта күкірт қышқылы еліміздегі уран өндіретін кәсіпорындарда ғана емес, өзге де салаларда кеңінен қолданылатын болады деп сенеміз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.
Мәжілісмендер сондай-ақ тұрғындардың өтініштерін тыңдап, Елбасы Жолдауы мен 5 әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысын кеңінен айтып өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<