Талаптарды орындау – баршамыздың міндетіміз

361

0

Әлемді алаңдатқан індет біздің елге жете қоймас деген үмітіміз  болғаны рас. Алайда, қазіргідей жаһандану заманында бұл мүмкін емес екен. Ел үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қауіпті індеттің алдын алу шараларының іс-жоспарын бекітіп, сол бойынша жұмыс жүргізіп келді. Ал енді біздің елімізде осы бір қауіпті инфекцияға шалдыққан адамдар тіркеліп, оның саны көбейе бастаған сәтте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бір ай мерзімге төтенше жағдай режимі енгізілді. Соған байланысты Президент Қазақстан халқына үндеу жариялады.

Мемлекет басшысы өз үндеуінде бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай маңызды қадамға барып отырғанын мәлімдеді. Төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлықта көрсетілген түрлі шектеулер, ойын-сауық, той-томалақ өткізуге тыйым салу, инфекцияның алдын алудың сақтық шаралары, қоғамдық тәртіпті сақтау секілді талаптарды мойынсұнып, бұлтартпай орындау баршамыздың міндетіміз. Сонда ғана қауіптің бетін қайтара аламыз. Президент атап өткендей, әр азамат жауапкершілікпен қарап, барынша сақтанып, өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетуі тиіс.

Халқымыз небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерген. Мемлекет басшысы азық-түлік қоры, қаржы ресурстары жеткілікті екенін мәлімдеді. Сондықтан бәріміз сабыр сақтап, дүрбелеңге бармай, тәртіпке бағынып, талаптарды мүлтіксіз орындап тұрсақ, бұл сынақты да еңсеретініміз анық.

     

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<