Талаптыға табыс өзі келеді

310

0

Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырған шарада «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары «Табысқа жетудің құпиясы неде?»  деген сауалға жауап берді. Сыр жастарының басын қосқан кездесу TedTalks форматында өтті.

Жиында алғаш болып табысты кәсіпкер, «Браунис» кондитерлік дүкендер желісінің негізін қалаушы Айдос Сайлығараев сөз сөйледі. «Тәтті бизнесті»  тізгіндеген Айдос кәсіп ашудың қыр-сырымен бөлісіп, іскерлікке бет бұруды ойлап жүрген жастарға аз-кем кеңесін берді. Оның айтуынша, біріншіден адам өз ісін жақсы көру керек. Екіншіден, кәсіби шеберлікке ұмтылған жөн. Ал, үшіншіден инновациядан қалыс қалмаған дұрыс. Бұл ретте «Алтын домбыра» иегері, айтыс өнерінде өз өрнегін салған Мұхтар Ниязов «Өз үйімізде екі таба нан жабуға ерініп, дүкеннен сатып алып отырғанда, түрлі тоқаш дайындайтын цех ашып, оны бірнеше қалаларға таратуға тәуекел жасаған Айдостың еңбегі елеулі, кейінгі буынға үлгі боларлық» деген пікірін жеткізді.

Келесі кезекте қатысушылар психолог, аудармашы Сымбат Әбдірахманованы тыңдады. Айта кету керек, Сыр үмітін арқалаған жастың есімі балаларға арналған дамытушы мультфильмдер құрастырумен таныс. Иә, кәсіби біліктілігі, еңбекке деген ынтызарлығы ерекше Сымбаттың тынымсыз жолда бағындырған белесі биік. Еңбекті ту етіп, қоғамға титтей де болсын септігін тигізуді міндет санайтын жас «Өз ісіңнің кәсіби маманы атану үшін қарапайым қадамдар жасау қажет» деген пікірде.

– Әрбір шығармашылыққа жаны құмар адам өз туындысын дайындағанда, оның пайдаға жарауын ойлайды. Қазір жасаған дүниелердің қолданыста екенін көргенде «Еңбек ақталды, жоба өз мақсатына жетті» деп іштей қуанамын. Оған қоса жұртшылықтың қолдауымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпазы атануым да маған үлкен серпіліс сыйлағандай. Себебі, әрбір істе нәтиже басты рөл атқарады. Оның үстіне биыл «Жастар жылы». Қазір бізге, жастарға үлкен үміт артылып отыр. Қойылар басты талап – өрлі рухтың, саналы сананың иесi болу, озық технологияларды жетік меңгеріп, жаңашылдыққа икемделу. Ел ертеңі үшін тер төгу, жетістіктерге жету. Ал, жетістікке жетудің басты құпиясы –  еңбекқорлық. Еңбектен қашпасаң, кез келген дүниеге жетуге болады. Ол үшін қарапайым қадамдарға бару керек, – деді ол.

Сондай-ақ, басқосуда Алматы облысының тумасы, ақын Мақпал Мыса жастарды ізденуден жалықпауға шақырды. Поэзияны тағдырым деп қабылдаған ол ешқашан кері қайтпай, тек алға жүруге үндеді. Ерекше сезім мен сырға толы өлеңдерімен де сусындатты.

Шара соңында Ералы Аружан жоба жеңімпаздарының жетістік жолы көп ой салғанын жеткізді. Сондай-ақ, олардың әрқайсысының өмірлік тәжірибесі жастардың өз орнын табуына септігін тигізетінін айтты. Өзге  қатысушылар да спикерлерге қаржысыз өнім дайындау, білім жетілдіруге байланысты сұрақтарын қойды. Белсенділігімен көзге түскендер жеңімпаздардың естелік сыйлықтарымен марапатталды.

М.СНАДИНҚЫЗЫ. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<