Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Мәдениет тарихы адамзат баласының қалыптасу кезеңімен тығыз байланыста дамып келеді. Өнердің дәріпті жалғасындай жас таланттар шоғыры үйірмелер арқылы шығармашылықтарын шыңдап, жетілдіруде.
Тасбөгет кентіндегі оқушылар мен жасөспірімдер үйінде «Ән-терме» үйірмесінің «Өнерге бағыттадым, шалқысын шабыттарың» атты жылдық есеп беру кеші өтті.
Шара барысында үйірме жетекшісі Айнұр Ерниязованың жетекшілігімен шәкірттері «Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблінің жыл бойы жасаған жұмыстарын көрсете отырып, «Анамның тілі», «Гүлдерайым, «Тобылғысай», «Қалқатайдың дауысы-ай», «Әженің әлдиі», «Туған жер», «Ақ бұлақ», «Он алты қыз», «Балымша», «Бипыл», «Бала арманы» атты әндерін орындады.
«Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблі Ахмет Байтұрсыновтың Файзолла досына жазған «Қаншеңгел» шығармасын Нағашыбай Алпысовтың мақамында орындап шықты. Оқушылар топ болып та, жеке орындаушылық бағытында да қабілеттерін көрсетті. «Бала арманы», «Алаш ұраны» әндерін де әуелете шырқады. Сонымен қатар, үйірме мүшелері «Арал туралы толғаныс», «Жұмадағы тілек», «Арнау», «Кәнеки, тілім, сөйлеші», «Сен тілім ішкі сырдан қиял баста», «Қазақтың бәрі туысқан» атты Сыр сүлейі шығармаларын нақышына келтіре орындап, көпшілік қошеметіне бөленді. Балаларының осындай биік деңгейде өнер көрсеткеніне ата-аналар дән риза.
Кешке қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұржан Қуанышбай, «Өрлеу» БАҰО филиал директорының орынбасары Сәкен Серікбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Ғани Бекқожаұлы, қалалық білім бөлімі кәсіподақ комитетінің төрайымы Орынша Міржақыпқызы, жырау Айдос Рахметов, Болат Баймұратов, Мейірімжан Кәрімжанұлы қатысып, ыстық ықыластарын білдірді.
– Дәстүрлі жыраулық өнерді жас ұрпақ бойына сіңіруде Айнұр Айжігітқызының және Гауһар Отарәліқызы басқаратын мекеме ұжымының үлкен үлесі бар екенін айтып, алғыс білдіремін, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Ғани Байұлов.
Кеш қорытындысында «Ән-терме» үйірмесінің жетекшісіне қалалық білім бөлімі кәсіподақ комитетінің атынан Құрмет грамотасы мен домбыра сыйға тартылды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<