Талаптының еңсесін еңбек көтереді

496

0

   Қазақта «қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген бар. Ол рас. Қазіргі таңда аудан орталығында кәсіптің көзін тауып, тындырымды тірлік етіп отырған отбасылар жетерлік. Бірі несие алып, несібесін тапса, енді бірі там-тұмдап жиған теңгесіне кәсібін бастауда. Нарықтық заманның көшіне ілігу бүгінгі күннің басты талабы. Іліккен күннің өзінде бәсекеге қабілетті болу шарты тағы бар. Жалпы белсенді әрекет ететін шағын және орта бизнес субъектілері тұрғысынан Жаңақорған өңірі ілгері келеді. Ал осы кәсіпкерліктің жас талғамайтынын жаңақорғандық қария тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Сабытхан қажы Сайфумаликов сан салалы кәсіптің басын қосып, нәтижелі еңбектің үлгісін көрсетуде. Атшаптырым ауласы болмаса да, шағын ғана үй іргесінен кешенді сауда кластерін дамытып отыр. Яғни, «Мөлдір» көтерме сауда орталығы мен кондитерлік өнім цехы, екі бірдей наубайхана, печенье цехы, есік-терезе жасау орталығы, тігін ательесі халық сұранысына сай қызмет көрсетуде. Осындай онға жуық кәсіптің шырайын келтірген қарт кәсіпкер әлі де қуатты.

Есепке жүйрік ел ағасы Сабытхан қажы кезінде «Халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинатында» бас есепші болып қызмет етеді. Кейіннен 90-шы жылдардың соңындағы тоқырауда бұл комбинат жекешелендіру саясатына ілінеді. Үш кісі болып акциясын иемденген Сабытхан қажы «Сәуле» мекемесін құрады. 2000 жылы жекеге бөлініп шығып, «Рабиға» халыққа қызмет көрсету орталығын ашып, басшылық етеді. Үш жыл бойы шаштараз, тігін цехы, аяқ киім шеберханасы сынды халықтың қажетіне жарайтын шаруашылықты кәсіп етеді.

Ал, 2003 жылдан бастап, марқұм апамыз Талшын Ахметқызы екеуі нарық талабына сай, жеке кәсіпкерлікке ден қояды. «Бісімілләмен» басталған істе береке бар» деп, әуелі азық-түлік дүкені мен тігін шеберханасын іске қосады. 2003 жылы ауданға құрметті қонақтар келетін болып, аз күнде сапасы жоғары 150 шапан тіккенін әлі ұмытпайтынын жеткізді қария.

– Дана қазақ: «еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді. Бұл нақылдың астарында таудай мағына жатыр. Тоқырау жылдары түн ұйықтамай, күн ұйықтамай бала-шаға қамы үшін еңбек еттік. Кейіннен нарықтық заманға бейімделіп, кәсіпкерлікке ден қойдық. Бүгінде біздің азық-түлік пен нан өнімдерін Төменарық, Сунақата ауылдары мен Шиелі ауданының 2 дүкені алып отыр. Сыр беткейде Жаңарықтан бастап, Түгіскенге дейінгі аумақта тұрақты тұтынушымыз бар. Басты ұстаным – бәсекеге сай өнім шығару. Себебі, Елбасы отандық өнімді қолдауға айрықша назар аударуда. Халыққа арнаған Жолдауында қазақстандық өнімнің сапасын арттырып, оның негізгі төрт қасиетін де атады. Олар: сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана біздің затымыз өтімді болып, сырттан бізді ешкім жарылқамайтыны айтылды. Міне, біз осы бағытта істі ілгерілетуді жолға қоюдамыз, – дейді 82 жастағы кәсіпкер.

Негізі тамақ өнімдері ішіндегі ең тиімдісі – нан пісіру. Өйткені, тұтынушылар тарапынан нан өніміне деген сұраныс қашан да жоғары.

– 2015 жылдан бастап наубайхана цехы іске қосылды. Онда екі ауысыммен 8 адам жұмыс жасайды. Күніне 15-20 қап нан пісіреді. Бұдан шыққан нан өнімін кент аумағындағы 14 сауда нүктесіне таратамыз. Ыстық нанды уақытылы таратуға арнайы жүргізуші мен жеке көлігіміз бар. Оған қоса, халық тарапынан тандыр нанға сұраныс болғандықтан, алашапанды ағайынды жалдап, тандыр нан жабуды қолға алдық. Сондай-ақ, өткен жылы нан өнімін шығаратын цех пен 2 тігін ательесін іске қостық. Мұнда күніне төрт түрлі печенье өнімін 3 жұмысшы пісіруде. Ал, тігін цехында 1 киім пішуші, 3 тігінші тұрақты жұмыс жасап жүр. Олар тұрмысқа қажетті көрпе-көрпешеден бастап, қыз жасауларының барлық түрін тігеді. Келешекте осы кәсіп түрін кеңейтіп, костюм-шалбар, мектеп формасы сынды киімдерді тігуді қолға алу жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.

Әңгіме арасында Сабытхан Сайфумаликов қазіргідей көктемнің шуақты мерекесі күндері қарсаңында кондитерлік өнімдерге деген сұраныс күрт артатынын жеткізді. Әсіресе, торт өнімдеріне халық 2-3 күн бұрын тапсырыс беріп қоятыны белгілі. Жұмысшылардың барлық жағдайын жасаған кәсіпкер жалақының уақытылы берілуін басты назарда ұстайды.

– Өзім бұл наубайханада жұмыс жасап жүргеніме біршама уақыт болды. Жалақы уақытылы беріледі. Қашанда тұрғындардың талғамынан шығатын нан өнімдерін пісіруді өзімізге міндет санаймыз. Басшымыз Сабытхан ата әкеміздей болып кеткен. «Береке үлкендерде» деген рас қой. Үнемі қуанышымызға ортақтасып, қиыншылықта қолдау көрсетіп, аталық ақылын аяған емес, – дейді наубайхана жұмысшысы Арзыгүл Акбарова.

Сондай-ақ, печенье өнімін шығаратын цех қызметкері Ақниет Жұмабаева да  кәсіп иесінің адалдығы мен қамқорлығына алғаусыз алғысын жеткізді. Келіні Шакида Сәруарова да  отбасылық бизнестің көрігін қыздырып, азық-түлік дүкенінің шаруасын ширатып отыр.

Иә, 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған жаңақорғандық кәсіпкер шаруашылығының барлық есеп-қисабын өзі жүргізеді. Өйткені, отызжылдық бас есепші деген еңбек өтілі бар. Мемлекеттік кірістер басқармасына төленетін салықтар мен есебін әлі күнге өзі дайындап, есептесіп отырады. Тірлігі тиянақты қарияның жұмысы да жеңіл емес. Себебі, өзі жетекшілік ететін «Мөлдір», «Шакида», «Жасмин» дара кәсіпкерлігі мен 8 бірдей сауда нүктесін жалға беріп отырған іскер ағамыз есептен еш жаңылмауды көздейді. Сексеннен асқан қария өмірде сергек болуыма бес уақыт белімді бүгіп, Жаратқанның алдындағы құлшылығымды тастамайтыным себеп дейді.  «Жомарт бергенін айтпайды» деген бар. Десе де, төрт мәрте қажылық сапарын өтеген Сабытхан қажыдан өзге кәсіпкерлерге үлгі ету мақсатында қайырымдылық шараларына қаншалықты жақын екенін сұрадық.

– Дана қазақ «садақаны сауыңда бер» дейді. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Құм сахаба» мешітімен тығыз байланыстамын. Осы мекемелер арқылы атаулы мереке мен түрлі шараларда тұрмысы төмен отбасы балаларына қаржылай және материалдық қолдау көрсетіп тұрамын. Мәселе, байлықта емес. Қолыңда барға қанағат етіп, қашанда қайырымдылық іске қарекет жасау керек. Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Барыңмен бөлісу – ол да бір жомарттық. Оған қоса, қазір дамыған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Тоқшылық заман. Бейбіт өмір. Қай шаруамен айналыссаң да, ерік өзіңде. Кәсіппен айналысамын десем, мемлекет барлық жағдайды жасап қойған. Күніңді көруге мүмкіндік мол. Меніңше, тамыр тартқан тарықпайды, ұқсата білген ұтады. Сондықтан азаматтық белсенділік пен елге еңбек сіңіру парызын жоғары қою керек, – дейді Сабытхан Сайфумаликов.

«Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі». Қазақтың бұл даналық сөзі өзінің өміршеңдігін көрсетуде. Еңбектену қашанда берекет пен ырыздықтың бастауы. Ал, адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Қашанда елім деген азаматтың ертеңі жарқын, болашағы айқын. Мұны өмірдің өзі дәлелдеуде. Яғни, елінің үмітін, халқының сенімін арқалаған арда азамат ғана тығырықтан тарықпай шығып, тындырымды тірлігімен биік белесті бағындырады. Бастысы, кәсібіне адал. Еңбектенуге жаны құмар. Міне, осындай ізгі қасиеттерді бойына жинаған Сабытхан қажының еселі еңбегі өскелең жастарға өнеге. «Қырық жыл елге еңбек еттім. Ендігі бейнетімнің зейнетін көремін» деп жата-жастанбай, керісінше сан түрлі тірліктің басын қосып, кәсібін дөңгелентуде. Оған қоса, кент орталығындағы «Ипподром» мөлтек ауданынан қос қабатты сауда орталығының құрылысын бастағанын жеткізді. Түйіндей айтқанда, Елбасы Жолдауында: «Шағын бизнес – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» деген болатын. Осы ұстанымды берік ұстанған Сабытхан қажы отбасылық кәсіпті дамыта отырып, отандық өнім көлемін еселей түсуге барынша бел буып еңбек етуде.

Әбдісамат ӘБДІШ,

журналист. 

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<