Облыс бойынша жылдың үш айында 972 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың үш айымен салыстырғанда 12,2 процентке төмен. Атап айтсақ, ауыр қылмыстар 7%, ауырлығы орташа қылмыстар 33,6% азайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыс бойынша басқармасының бөлім бастығы Қанат Жалғасов хабарлады.
– Биыл тіркелген қылмыстарды талдау барысында байқағанымыз, тонау 33,3%-ке, зорлық-зомбылық 44,4%-ке, ал алаяқтық қылмыс 56,8%-ке азайды. Жалпы қылмыстың әрбір үшіншісі ұрлық болып отыр. Сонымен қатар биыл 22 қылмысты жасыру фактісі анықталды. Бұл іс бойынша тиісті құжаттар прокуратура органдарына жолданды, – деді Қанат Аралбайұлы.
Жыл басынан бері 43209 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Былтырғыдан 15,6 процентке кеміген.
– Жалпы тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтардың көп бөлігі полиция органдарына тиесілі. Былтырдан бастап әкімшілік-рәсімдік процесс кодексі қолданысқа енгізілген болатын. Осыған байланысты «e-Өтініш» ақпараттық жүйесіне 17 мыңға жуық жеке және заңды тұлғадан өтініш келіп түсті. Аталған өтініштердің 9893-і қаралды, – деді құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыс бойынша басқармасының бөлім бастығы Тұрсынқожа Үсенов.
– Осы жылдың үш айында соттылықтың болу не болмауы туралы анықтама алуға 184 өтініш келді. Оның барлығы Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы түскен. Архивтік анықтамаларды немесе архив құжаттарының көшірмелерін беру қызметі «Электронды үкімет» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады, – деді құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыс бойынша басқармасының бөлім прокуроры Дана Ахылбекова.





