Талдау сапалы жүргізілуі керек

790

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді. Жиынға құқық қорғау органдары және басқарма басшылары, онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Отырыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылдың үлгілік базалық бағытын іске асыру мәселесі қаралды. Іс-қимыл үлгілік базалық бағыты 4 негізгі жоба тобы арқылы іске асады, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау оны жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтерін дамыту.

Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Серікжан Мырзалы баяндама жасап, комплаенс қызметін атқаратын мамандар тапшы екенін және әрбір мекемеде дербес комплаенс қызметі болуы қажеттігін алға тартты. Соған сәйкес кәсіби мамандардың әлеуетін арттыруға басымдық беру керек деді.

Мұнан бөлек, мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдау өз деңгейінде, сапалы жасалмайтынын жеткізді.

– Облыстық әкімдікке қарасты басқармалар жүргізген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаулар нәтижесінде 77 тәуекел немесе бір басқармадан орташа көрсеткішпен 4,53 тәуекел анықталған.

Бұл ретте, көрсетілген ішкі талдаулардың сапасы да күмән тудыратынын атап өту қажет. Мәселен, білім басқармасының ішкі талдауды сапасыз жүргізу белгісі ретінде өңір мектептерінде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алғанын келтіруге болады.

Облыс мектептерінде 2020-2021 жылдары аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері бойынша 6 қылмыстық іс тіркелді, яғни жекелеген мектептерде жалақы төлеу қорының сомаларында күмәнді деректер анықталды, – деді департамент басшысы.

Қазір Жаңақорған ауданының бірнеше мектеп есепшілеріне қатысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істер қозғалуда. Бұл деректер 2020-2021 жылдар ішінде орын алған, дегенмен істің шешімі биылғы жылдың есебімен жария етілуде.

Серікжан Мырзалы мұндай тәуекелдер басқарма тарапынан ішкі талдау барысында алдын ала анықталмағандықтан, қаражатты негізсіз пайдалануға жол ашты дейді.

Айта кету керек, аймақта 2020-2021 жылдар аралығында қаржы жымқыру дерегі бойынша 11 әкімдік қызметкеріне қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы және 5 спорт мектеп директоры, жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы бар.  Олардың  қылмыстық істері 2021 жылы тіркеліп, сот үкімдері биыл ғана жарияланды. Соның салдарынан Қызылорда өңірі республикадағы аймақтар арасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық көрсеткіштермен алдыңғы қатарға ілікті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев 2020-2021 жылдар ішінде орын алған мұндай келеңсіздіктердің себебіне терең талдау жасап, білім саласында орын алуы мүмкін тәуекелдерді алдын ала ескеру қажет деді.

Жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов үлгілік базалық бағыттың өңірде орындалуы облыс әкімі аппаратының жеке бақылауында болатынын, ашықтық қағидатына сай әрбір мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуін, бірінші басшылардың жауаптылығын күшейтіп, ішкі талдауларға сүйене отырып, уақытылы әрекет ету механизміне сай жұмыс жүргізілетінін жеткізді. 

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру үшін ақпараттық-насихат жұмысының маңызы арта түсті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды түсіндіру, мағыналы бейнероликтер әзірлеп, оларды кеңінен жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желіде жариялау, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру  бағытында атқарылған шараларға тоқталды.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жемқорлықпен күресте ақпараттың шынайы болуын және үлгілік базада көзделген бағыттарды уақытылы іске асырып, жұмысты жандандыру қажет деді.

– Жобалық басқару, бұл – ең алдымен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру, нақты көрсеткіштерге қол жеткізу.

Бұған бей-жай қарауға болмайды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жемқорлық сипатындағы әрекеттерді жою бағытында жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деді Н.Нәлібаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<