Талпынған табыссыз емес

768

0

Қазір өңірде  аудандардың дамуына жақсы көңіл бөлініп келеді. Оның бір парасын Қармақшы және Жалағаш аудандарына барған сапарымызда көрдік. Кәсіпке бетбұрыс бар. Халықтың тұрмысы үшін әлеуметтік қажеттіліктер кезең-кезеңімен игілікке асып отыр.

Төретам мен Ақайда…

Қармақшы ауданындағы Төретам кентінде қызу жұмыс басталып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, кентте атқарылатын шаруа көп. Оның бастысы – тұрғындарға «көгілдір» отын жеткізу.

– Төретам кентіне 2022-2023 жылдар аралығында газ тарату жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта құрылыс толығымен басталды. Газ тарату жобасына жауапты мекеме – «АлияСервис» ЖШС. Сәтін салса, 2000 тұрғын үй мен 200 әлеуметтік және кәсіптік нысан газбен қамтылып, 12 мыңнан аса тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көрмек, – деді Төретам кенті әкімінің орынбасары Дина Шакиева.

Мердігер мекеме қызметкерінің айтуынша, газ құбырларын орнататын жолдың жалпы ұзындығы – 97 шақырым. Оның ішінде 730 метріне жоғары қысымды, 6 шақырым 850 метріне орта қысымды газ құбырлары, ал қалған 89,5 шақырымына төмен қысымды газ құбырлары орнатылады. Құрылыс жұмысына 40-қа жуық адам жұмылдырылған.

Газ құбырын тарту бойынша белсенді еңбек көршілес Ақай ауылында да жүргізіліп жатыр. Газдандыру жобасына тоғыз жүз миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Мердігер компания өткен айда жұмысқа кіріскен. Мұнда алпыс шақырым газ құбырын тарту қажет.

Жергілікті әкімдіктің бас маманы Батыржан Тұрғановтың айтуынша, ауылда алты мыңға жуық адам тұрады, бұл – мыңнан астам үй. Бүгінде Ақай ауылында 1500-ге жуық тұрғын үй, 83 кәсіпкерлік, 14 әлеуметтік нысан бар.

– Қазір құбырларды тарту жұмыстарына 40 адам мен 10-ға жуық техника жұмылдырылуда. Осы жылдың тамыз айында бес шақырым газ құбыры салынды, – дейді бас маман Батыржан Тұрғанов.

Айта кетейік, өткен жылдың жазынан бастап Қармақшы ауданында алғашқы болып Жосалы кентінің тұрғындары «көгілдір отынды» пайдаланды. Қазір тұрғындардың газдандыру жұмыстарына көңілі тоқ. Кенттегі кварталішілік жұмысты бас мердігер – «Энергоресурс» ЖШС мамандары орындады. Оған республикалық және облыстық бюджеттерден екі жарым миллиард теңге бөлінген еді.

Спорт кешені ашылмақ

Жосалы кентінде салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен таныстық. Бұл нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

– Жаңа спорттық нысан 400 жасөспірімнің шынығуына септігін тигізеді. Сондай-ақ, халық игілігіне берілген күннен бастап 20-ға жуық жұмыс орны ашылады. Қазір 30-ға жуық жұмысшы кешен құрылысында жүр. Бұл – Жосалы кентіндегі құрылысы аяқталуға жақын екінші спорт кешені, – деді Қармақшы аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев.

Қазір ауданда екі спорт мектебі мен спорттық клуб жұмыс істейді. Оларда 2000-нан астам жасөспірім спорттың түр-түрімен айналысады. Сондай-ақ, 600 бала түрлі үйірмелерге қатысуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданда тағы екі спорттық кешен көп ұзамай пайдалануға берілмек.

Жалағашта жаңалық көп

Қармақшыдан кейін Жалағаш ауданына жол түсті. Алдымен ауданда орналасқан гемодиализ орталығына бардық. «ID Senim» гемодиализ орталығы» ЖШС-нің директоры – Амантұр Рысқұлов. Мұнда 11 медицина қызметкері жұмыс істейді. Білуімізше, бұл орталықтың негізі 1991 жылы Швецияда қаланған. Әлемнің 24 елінде 469 клиникасы қызмет көрсетеді. Қазақстанда алғаш 2015 жылы өз емделушілерін қабылдап бастаған. Биыл Жалағашта маусым айынан бастап бүйрек ауруымен сырқаттанған науқастарға сапалы күтім көрсетіп келеді.

– Қазір 17 адам ем-дом қабылдап жатыр. Ем алушылар күн сайын келеді. Орталық Жалағаштан бөлек көршілес үш ауданның тұрғындарына көмек көрсетеді. Тіркелген пациенттер үшін ем тегін. Құрал-жабдықтар соңғы үлгіде жасалған, – деді орталық дәрігері Алмагүл Сермағамбетова.

Бүйрек – адам ағазасындағы сүзгіштік қасиетке ие мүше. Қанды керексіз заттардан тазартып, қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Қандағы улы заттарды сүзеді. Сүзгіштен өткен қан тамырмен қайта ағзаға тарайды. Біз айтып отырған гемодиализ құрылғысының қызметі – осы. Кәдімгі бүйректің қызметін жасанды жолмен атқарады.

Жалағашта эковата өндіруші кәсіпкердің де еңбегімен таныстық.

Алғашқыда картон қалдықтары мен қажетсіз қағаз үйінділерін көріп, біраз таңырқағанымыз жасырын емес. Бірақ мұның бәрі өндіріс үшін екенін білдік. Эковата – целлюлозалық жеңіл жылу жабдықтаушы материал және оның 80%-ы картон мен қағаз қалдықтарынан, 12%-ы бор қышқылынан және 7%-ы оттан қорғайтын антиперен қоспасынан тұрады.

Эковата құрылыс жұмыстарында, соның ішінде жылу- изоляциялық жабдықтау мақсатында кеңінен қолданылады. Өндірістік цех ашу үшін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант иеленіп, өндіріске қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып орнатты. Қазір цехта 2 адам жұмыспен қамтылған.

– мұнда кенттегі сауда орындарынан қағаз, пластмасса әкеліп тастайды. Біз қағаз қалдығынан арнайы станоктардың көмегімен тұрмысқа қажетті дүниелерді жасаймыз. Жалпы, өңірде эковата өндірісімен айналысатын кәсіптік нысан аз. Егер мемлекеттен қолдау болса, әрі қарай дамытып, қосымша шеге шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді «Адима» ЖК жетекшісі Мұрат Әбілов.

Ал Жылбектің өнімі керемет. Онда станоктардың көмегімен қыз жасауына қажетті дүниелер дайындалады. Қазір 5 бағытта кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкер енді ешкі сүтінен сабын шығаруды қолға алыпты.

Бастапқыда аталған сабын туралы естігенімізде күнделікті тұрмыста қолданып жүрген қарапайым сабын көз алдымызға келді. Бірақ біз ойлағаннан мүлде басқа екен. Түрлі пішінде жасалатын өнімнің құрамына ешкі сүті, одан өзге бірнеше қоспа және француз иіссуы пайдаланылады. Бүгінде кәсіпкердің ерекше пішіндегі сабындары көбінесе тойбастар ретінде қолданылып жүр, тіпті оны қолданбай-ақ үйге немесе жұмыс орнына қойып қойса, хош иіс беріп тұрады.

Кәсіп иесі Жылбек Қуаныш сабыннан өзге арнайы күйдіру станогы арқылы ағаш бұйымдарын да жасауда. Одан бөлек, этностильді жастықтар тігіп, оны сатылымға шығарып жүр. Бір айдың ішінде екі қыз жасауын дайындаған ол көрпе тігіп, көрпеше көктеп қана қоймай, ескі мақталарды қайта тазартып, тігіншілік кәсіпті барынша өрістетіп отыр.

– Осыдан төрт жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2018» бағдарламасы арқылы 240 мың теңге алып, кәсіп бастадым. Кейін Жалағаш тұрғындарына тігін саласындағы жұмысым арқылы танылдым. 2021 жылы «Қолөнер – асыл қазына» көрме-фестиваліне қатысқаным үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталдым. Сол жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Үкілім» брендімен қыз жасауын дайындау мақсатында 297 мың теңге қайтарымсыз грант алып, кәсібімді кеңейттім. Қазір 2 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді Жылбек Қуаныш.

Кәсіпкердің өнімдерін көріп, таңғалып та, марқайып та үлгердік. Расында, ер адамның тігін жұмысына қызығып, өз ісін сүйіспеншілікпен жасауы екінің біріне бұйыра бермейді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<