Талтүсте тиелген ескерткіш

472

0

Сурет ашық дереккөзден

«Тағзым» алаңы қалай жаңғыртылды?

Қызылордадағы «Тағзым» алаңы – өткен тарихымыздағы қанқұйлы соғыстарға, төтенше оқиғалар мен алапат апаттардың зардабын жоюға қатысқан жауынгерлер рухына бас иетін орын. «Мәңгілік алау» мемориалы Жеңіс күні гүл шоқтарына толып кетеді.

Осы мемориалдың артындағы мәрмәрмен қапталған үлкен қабырғада «Ер есімі – ел есінде» деген жазу бар, әріптері алтын түске боялған.

Бұл жазу қай кезде, қалай пайда болды, соны айтқым келеді. 1995 жыл болатын, ол кезде қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінде жұмыс істеп жүргенмін. Наурыз айының басында қала әкімдігінде Жеңістің 50 жылдығына орай жиын өтті. Жиында сол кездегі қала басшысы Ж.Шәріпов «Тағзым» алаңын қайта жаңғырту мен кеңейту туралы шешім шығарылғанын, оған қаражат бөлінгенін, жұмысқа құрылыс компаниялары қатысатынын, ал жалпы жұмыстарды ұйымдастыру мен сапасын қадағалау қалалық коммуналдық шаруашылық бөліміне (бастығы Ж.Оразбаев) жүктелетінін атап өтті. Бөлім бастығының бұйрығымен осы жұмыстарға тікелей жауапты болып бекітілдім.

Сонымен қызу жұмыс басталып кетті, 9 мамыр мерекесіне дейін біту керек. Ол кезде бюджет қаражаты тапшылау, сонда да құрылыс компаниялары аянбай жұмыс істеді. Жұмыс демалыста да тоқтамады, кейде қас қарайғанша жалғаса берді. Жоба бойынша бұрынғы «Мәңгілік алау» стелласы мен Ленин атындағы скверді қосып, аумағын кеңейтіп, асфальт төсеп, жаңадан «Тағзым» алаңы деген атау берілуі көзделген. Соның ішінде скверде тұрған Ленин ескерткішін алып тастап, оның орнына Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған тақта қою да қаралған.

Сквердегі Ленин ескерткішін алып тастау үшін мердігер компания іске кірісіп жатқан. Сол маңда тұратын байырғы коммунистер көсем ескерткішін алдыртпаймыз деп, айқай-шу шығарып қалалық әкімдікке дейін барған.

Оларға кеңестің дәурені өткені, Ленин енді тек тарихи ескерткіш ретінде музейде тұру керек дегенді түсіндірілгеніне қарамастан, ескерткішті күзетуге шықты. Автокранмен барған жұмысшыларға сес көрсетіп, бөгет жасай берді. Содан қалалық коммуналдық шаруашылық бөлім бастығы Ж.Оразбаев шұғыл тапсырма берді. Демалыс күні түскі уақытта көп дабыра қылмай, 3-4 адам жасақтап, автокранмен барып, тез арада ескерткішті демонтаж жасап, көлікке тиеп, облыстық музей ауласына апарып тастау керек. Содан Ленинді қарауылдаушылар түскі тамаққа кеткен сәтін пайдаланып, тез арада ескерткіштің мойнына трос салдық. Автокранмен ұстап тұрып, тұғырынан сваркамен ажыраттық, көлікке тией салдық. Тез қимылдағанымыз сондай, Ленин атамыздың «сақшылары» білмей қалды. Жарықтық, таза қоладан құйылған Лениннің әжептәуір салмағы бар екен, 3-4 тоннадай-ау шамасы, тиеп алып, облыстық музейдің аумағына әкелдік. Сөйтіп тапсырма у-шусыз орындалды.

Енді «Мәңгілік алаудың» артындағы мәрмәрмен қапталған қабырғаға қандай сөз жазылу керек, соны күттік. Ол да талқыға салынған болу керек. Сол уақытта қолыма қалалық әкімдіктің шешімі шыққан қағаз түсті. Онда Жарылқасын Шәріпов ағамыз «Ер есімі – ел есінде» деген сөздерді маржандай қылып жазып, астына қолын қойыпты. Сол бір парақ қағазды естелік ретінде сақтап жүргенмін, есіме түсіп іздеп едім, таба алмай қалдым. Кейін сол сөздер дайындалып қабырғаға ілінді.

Сонымен «Тағзым» алаңы толықтай жаңаланып, мереке қарсаңында ашылды. Жиналған көпшілік, қала тұрғындары, соғыс ардагерлері алаңның жаңа келбетіне риза болып, алғыс айтты.

«Тағзым» алаңының осындай болып өзгеріп, жаңаруына, өзімнің де қатысым бар болғанына қуанамын, әр 9 мамыр қарсаңында сол кезеңді сағынышпен еске аламын.

Ералы ЕСІМОВ,

зейнеткер,

Астана

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<