ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова облысқа жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасының аймақта жүзеге асу барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Былтыр бағдарлама шеңберінде республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қаралып, 406 жобаға несие берілді. Соның арқасында 700-ден астам жұмыс орны құрылды.
Несие алғандар жеңіл өнеркәсіпті де игеруде. Мәселен, Махамбетов ауылының тұрғыны Сәрсенгүл Аралбаева «Ауыл аманаты» арқылы қол жеткізген 5 млн теңгеге шұлық өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір күніне 200-250 дана шұлық сатуда. Жобаға дейін тұрақты табысы болмаған Сәрсенгүл Аралбаева бүгінде жеке кәсіпкер.
– Өнімге деген сұраныс өте жақсы. Енді кәсіпті кеңейту жағын ойластырып отырмын. Әзірге екі адам жұмыс істейміз. Кәсібім кеңейіп жатса, жұмыс орны да көбейеді. Қолдау білдіргендерге алғысым шексіз! – деді ол.
Осы ауылдың тұрғыны Алтынкүл Дүйсенғазиева жүн мен мақтадан көрпе тігіп, кәсібін дөңгелентіп отыр. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3 млн теңгеден астам несие алды. Қазір ауыл, ауданнан бөлек, Астанадан да тапсырыстар келіп, айына 20-25 көрпе тігеді.
– Өзімнің балама да осы кәсіпті үйретудемін. Алғашқыда өтініш бергенде жобамның мақұлданатынына сенбедім. Алайда талап қылған адамға жол ашық екеніне көзім жетті. Осындай төмен пайызбен несие беру бастамасын көтерген азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Ал Сырдария ауданының «Айдарлы» ауылында көне кәсіпті жаңғыртқан кәсіпкер бар. Зейнеткер Марияш Әлжанова киіз басып, түкті кілем, сырмақ тігеді. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы алған қаржыға цех ашып, 6 адамды жұмыспен қамтуда.
– Ұлттық бұйымдарға сұраныс қашан да жоғары болады. Өндіріске қажетті жүннен тапшылық жоқ. Өзіміздің ауылдан, көршілес «Қоғалыкөлден» қой мен түйе жүнін аламыз. Кәсіп өз алдына, ең негізгі мақсатым – жастарға ұлттық қолөнерді таныту, – дейді ол.
Тамара Дүйсенова қолға алынған жобаларды жоғары бағалады. Ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. Жастарға 2,5 пайызбен ұсынылатын жеңілдетілген несиелер, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға берілетін қайтарымсыз гранттар жайлы айтты.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Ол туралы ауыл әкімдері түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, – деді Тамара Дүйсенова.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың облысқа жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты.
«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде Салтанат Ражатова 8,6 млн теңге несие иеленіп, жылыжай өсіруді қолға алған. Былтыр басталған кәсіп алғашқы жемісін бере бастады. 160 шаршы метр аумаққа қияр егіліп, 800 келі өнім жиналған.
– Отбасымызбен осы жылыжай жұмысын жүргізе бастадық. Әзірге нәтиже жаман емес деп санаймын. Өнімге сұраныс бар. Кәсіпкер үшін маңыздысы – осы. «Ауыл аманаты» бойынша берілетін несие шарттары өте тиімді. Тек еңбек етуге ниет болуы керек, – дейді ол.
Ауданда ауыл шаруашылығынан өзге бағытты таңдағандар да бар. Толқын Бижанова алғашқыда кондитерлік өнімдерді үйден әзірлеп, ауылдастарының тапсырысы бойынша жұмыс істеп келген. «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, кәсібін кеңейтіп, цех ашуды ұйғарған. 6,5 млн теңге жеңілдетілген несиенің арқасында мақсаты орындалып, 4 адамды жұмыспен қамтуда.
Ал Ғалия Қартабаева – аудандағы жас кәсіпкер. «Ауыл аманаты» бағдарламасына ер азаматтарға тән жұмыс болса да жоба ұсынған. 5,4 млн теңге несие алып, автокөлік жөндеу және жуу орталығын ұйымдастырған. Қазір онда екі адам жұмыспен қамтылған.
«Еңбек етуге ниеті бар адам кез келген кәсіпті қымсынбай қолға алуы керек» дейді Ғалия Қартабаева.
Қазалыда түйе ұстайтын шаруалар баршылық. Алайда сүті сауылған күйі сатылуда. Оны терең өңдеуге қатысты кеңес берер, қажет болса, үйретер жандар бар. Мысалы, Алматы облысындағы «Дәулет Бекет» ауыл шаруашылығы кәсіпорны шұбаттан бірнеше өнім әзірлейді. Тіпті сусынның ұнтақталған түрін ұсынуда.
Аймақ тұрғындарымен, аудан, ауыл әкімдерімен кездескен вице-премьер ауылдарда кооперативке бірігу тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Елімізде 3-4 адам емес, бір шаруашылық аясында бүтін ауыл болып жұмылудың мысалдары бар. Мәселен, Батыстағы «Қоскөл» ауылы. Елді мекендегі барлық 227 ауланың басын қосқан серіктестік тәжірибесі туралы ауыл әкімі Әділет Мұсағалиев айтып берді.
Ал өндірілген өнімді кәдеге жаратудың бір жолы ретінде Түркістан облысының тәжірибесі ұсынылды. Мұнда кәсіпкер Данияр Қалымбетов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аймақтағы әлеуметтік нысандардың асханаларын жөндеп, оларды азық-түлікпен қамту ісін қолға алған. Мектеп-интернаттар, медициналық әлеуметтік нысандарға қызмет көрсетуде. Тағамға қажетті өнімдерді орталықтандырылған жолмен сатып алып, мекемелерді қамтамасыз етеді.
Аталған тәжірибе Сыр өңірінде де енгізілуі мүмкін. Осы ретте «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның көмегі қажет. Шаруалардан сатып алынған көкөніс, ет, сүт өнімдері әлеуметтік нысандар асханаларының қажетіне жарайтын болады.
Тамара Дүйсенова елдегі оң тәжірибелерді кеңінен тарату, өңіраралық байланысты нығайтудың маңызды екенін атап өтті.
– Әр облыстың, әрине, өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда өзара байланыс арқылы бірлесіп, жетістікке жетуге болары даусыз. Сайып келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға елеулі әсер етеді. Әр азаматтың, отбасының бақуатты болуы мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі екенін естен шығармайық, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<