Өткен жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен іргесі қаланып, есік ашқан «Анаға тағзым» орталығы өзінің бір жылдығын атап өтті.
Орталық ашылған күннен бастап кең тынысты, сан салалы бағыттарды тоғыстырып, жемісті еңбек етіп келеді. Мәселен, жыл көлемінде «Жас отау» жас отбасылар клубында 41 түрлі парасаттылық дәрістері өткізіліп, оған 1141 адам қамтылса, «Психолог-медиатор» кабинетінде 172 шара өткізіліп, 1933 қыз-келіншек кеңес алған.
Толықтай цифрлық кеңістікте туған альфа ұрпақтың болашағына алаңдаушылық һәм жауапкершілік орталықта «Даму LIFT», «Креатив урбан тур», «Ойтөбе» секілді бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ықпал етті. Бұл бастамалар смартфонды серік еткен жасөспірімдерге ой еңбегі мен қол еңбегін ұштастыра отырып, рухани-адамгершілік тәрбие беруді көздеді.
Әдептілік әліппесі, дастарқан әдебі, сөйлеу мәдениеті, ата-бабадан мирас қолөнердің сан түрін үйретуге бағытталған шеберлік сағаттары мен психологиялық кеңестер әрбір қыз-келіншекке пайдалы болып, өздерін жаңа қырынан тануға септігі тигені анық.
«Белесі биік бір жыл» атты шараның салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, жемісті жылдың жарқын жетістіктерін атап өтті. Сонымен бірге, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың арнайы құттықтауын орталық басшысы А.Молжановаға табыс етті.
Сондай-ақ, күні кеше ғана өткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің мерейін үстем етіп, тоғызқұмалақтан чемпион атанған Бексұлтан Бостандықовтың анасы Айнұр Әлиеваға орталықтың бренд бұйымы «Өмір иірімдері» тұмарын сыйға тартты.
Мұнан соң Ш.Байманов «Анаға тағзым» орталығымен бірге өсіп келе жатқан бір жастағы қызылордалық Сардар Бақытжанұлының тұсауын кесті.
Орталықтың бір жылдығына орай ұлттық құндылықтарымыздың ең алғашқы бастау бұлағы ана әлдиі, бесік жырын жаңғырту мақсатында республикалық онлайн байқау ұйымдастырған болатын.
Он бес композитор қатысқан осы байқауда озық шыққандар ақшалай жүлдемен марапатталды.
Қызылордалық Талғат Нағашыбаевтың ақын Сағынғали Сейітовтің сөзіне жазған «Ана әлдиі» әні бас бәйгені иеленді. Бұл әуенді Алматыдан келген әншә Аягөз Райбекова орындады.
Байқаудың 1-жүлдесі Талдықорған қаласында тұратын Гүлнұр Нұрасылға тиісті болды. 2-орын ақтөбелік Данияр Сағынтаевтың «Құлыным» әніне, 3-орын әні. Қызылордалық Ринат Үсеновтің «Ана тілегі» атты әлди әніне берілді.
Жүлделерді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық комиссиясының хатшысы Қаламқас Кәрімова және белгілі ақын, журналист Дүйсенбек Аяшұлы табыс етті.
Шарада этностилдегі киімдер үлгілері көрсетілді, әжелер ансамблі ән шырқады.
Композитор Сәбит Ұлықпанұлы мен ақын Ұлықбек Бекұзақұлы жазған «Анаға тағзым» орталығы әнұранының тұсауы кесілді.
Тағылымды шара қортындысында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, ел ағасы Әріп Хожбанов бата берді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<