Жалағаш ауданының Таң ауылында жартылай дайын ет өнімдерін дайындайтын цех жұмыс істейді. «TAN FOOD» маркасымен шығатын цех жеті түрлі өнімді нарыққа шығармақ.
Ауыл тұрғыны, кәсіпкер Сәкен Шағыртаев цех құрылысын екі жыл бұрын бастаған. Карантиндік шектеулерге байланысты жұмысы кешеуілдеген жобаның қарқыны биыл жаман емес. Кәсіпті өрістетуге аймақтағы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көмектескен. Қазір ауылдағы цехта бес адам тұрақты жұмыс істейді.
– Мақсат – облысты ет өнімдерімен қамтамасыз ету. Серіктесімізбен бірге қабылдаған жобаның жалпы құны 144 миллион теңгеден асады. Ал біздің корпорация бұған 56 миллион теңгеден астам қаржы құйды. Бұған цехқа керекті мал сою және етті өңдеуге арналған құрылғылар сатып алынды. Қазір жұмысын бастаған кәсіпкер өз өнімдерін жақын күндері облыстағы дүкендерге сатылымға шығарады, – дейді «Байқоңыр «ӘКК» АҚ жобаларды талдау және іске асыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мадали Әлішерұлы.
Шағын өндіріс орнында күніне 5 ірі қара союға болады. Цех толықтай заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мал жартылай автоматты түрде сойылады. Манты, тұшпара, фарш пен котлет секілді жартылай дайын өнімнен бөлек, «Сыбаға», «Бір асым ет» атымен арнайы қаптамадағы сиыр мен жылқы еті де дайындалады. Қосымша қазы-қарта, жал-жая да бар.
Кәсіпкердің ендігі арманы – келешек цехты үлкен ет комбинатына айналдыру. Әзірге дайын өнімдер келісім-шарт арқылы аудан мен қала дүкендеріне жеткізілетін болады.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<